Ата Заң айшығы: әл-ауқаттың жаңа формуласы

Жаңа Конституция жобасында мемлекет алғаш рет «халықтың әл-ауқатын арттыруды» өзінің басты бір мін­деті ретінде айқындамақ.

Бұл игі мұрат Тәуел­сіз­дікті қорғау мен құқық үстемдігі секілді қасиетті құн­дылықтармен терезесі тең түсіп, «Қазақстан Рес­пуб­ликасы қызметінің негіз құраушы қағи­дат­тары­ның» қатарына қосылып, елдіктің берік негізі ретінде сал­танат құруға тиіс. Әр шаңырақтың ырысы ортай­май, берекесі тасуы үшін ұлттық экономиканың қар­қын­ды дамуы – бүгінгі күннің айнымас талабы. Осы ұлы көшті өрге сүйреп, өркениетке бастайтын басты қоз­ғалтқыш күш отандық өңдеу өнеркәсібінің жаңа сер­піні болмақ.

Өңдеу өнеркәсібі – дамудың алтын арқауы

Ата Заңның жаңа нұсқасында халықтың тұр­мысын түзеуді және экономиканы ілгері бас­тыру­ды Үкіметтің де, әкімдік­тердің де тікелей конс­титуциялық міндеті ретінде белгілеу ұсы­ныл­ған. Бұл – стратегиялық меже. Халық ауқатын жақ­сарту мем­лекеттің басты мақсаты ретінде конс­ти­туция­лық дең­гейде бекітілсе, эконо­ми­ка­лық саясат та сол мақсатқа қызмет етуге тиіс бола­ды. 

Осы орайда Ата Заңның жаңа редакциясының 65-бабында Үкімет «мемлекеттiң әлеуметтiк-эко­номикалық саясатының негiзгi бағыттарын әзiр­леуге және олардың жүзеге асырылуын ұйым­дастыруға» міндеттеледі. Ал 89-бапта жергілікті ат­­қару­шы органдар «экономикалық және әлеу­мет­тік бағдар­ла­ма­ларын әзірлеу мен олардың ат­қарылуын қамтамасыз етуге» тікелей жауапты еке­ні көрсетілген. 

Дағдарыс уақытында ел ауқатын сақтау үшін қажет болса, ондай заңдарды бір палаталы жаңа Парламент шұғыл қабыл­дауға тиіс болады. «Елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төн­діретін жағдайларға жедел ден қою мақса­тында Үкімет заң шы­­ғару бастамасымен енгізген заң жобалар­ын Құрылтай дереу қарауға тиіс», – делінген 60-бабында. Сөйтіп, енді мемлекеттің мықтылығы  әр шаңырақтың береке-дәул­етімен өлшенбек. Бұл тұрғыда жаңа Конс­титуция өндіріс пен экономикаға соны серпін береді деген үміт бар.

Ел экономикасы шикізатқа тәуелді­ліктен арылып, өңдеу саласына қарай бет бұрды. Осы өнеркәсіп 2025 жылы ұлттық эконо­миканың басты драйверіне айналды. Ұлттық экономика министрлігінің мәлі­метінше, былтыр өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігінде оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсім машина жасау саласында (+12,9%), дайын металл бұйымдарының өндірісінде (+13,6%), жеңіл өнеркәсіпте (+13,2%), химия өнер­кәсібінде (+9,8%), құрылыс материалдарын өндіруде (+9,7%), резеңке және пластмасса бұйымдары сег­мен­тінде (+7,6%), қағаз өндірісінде (+5,3%) байқалды. 

Үкімет өңдеу өнеркәсібіндегі осы серпінді сақтап қалуды ғана емес, оны жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр. Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, 2026 жылы да өңдеу өнеркәсібі ЖІӨ өсімін қамтамасыз ететін негізгі күш болмақ. Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистр­лігі әр секторға қатысты шараларды егжей-тегжейлі пысықтай келе, өңдеу өнеркәсібін дам­ытудың Жол картасын әзірледі.

Саланың экономикадағы жүйелі рөл­ін ескере отырып, бұдан былай Үкімет оның әр сегментіндегі әрбір блокты жеке жіліктеп, әлсіз жағын, талмау тұсын, шектеулерін, өсудегі кедергілерді экономи­калық штабтың отырыстарында бөлек талдауға шешім қабылдады. Пробле­маларды және даму әлеуетін кешенді талқылау үшін экономикалық штабтың жұмысына салалық қауымдастықтар мен нарықтың ірі қатысу­шылары тартылмақ. Шикізатқа байланған экономиканың ғұмыры қысқа, ал өңдеу өнеркәсібіне негізделген мемлекеттің іргесі әрқашан берік.

Шикізаттан дайын өнімге

Өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40%-ын құрайтын металлургияға ерекше назар аударылады. 2026 жылы металлургиядағы нақты көлем индексі (НКИ) қара метал­лур­гияны дамыту есебінен 103% деңгейінде бол­жанып отыр. Металлургияның елеулі үлесі саудада да сақталады. Ол – шамамен 5%. Машина жасауда да тұрақты өсім бол­жанған. Ол 2026 жылы 13,4% болуы мүмкін. Атап айтқанда, жеңіл автомобиль, жүк және арнайы техника, өздігінен жүре­тін ауыл шаруа­шылығы техникасы, ашық вагон, тем­ір­жол платформасы мен тұрмыс­тық техника шығаруды ұлғайту арқылы жүзеге асырылады. Химия өнеркәсібінде қолданыстағы және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 7% өсім күтіледі. 

Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдегендей, Президент қойған міндетке сай мемлекеттің ендігі басты межесі – тех­нологиялық жаңару мен өнімділікті арт­тыру болады. Бұл экономикалық сая­сатты түпкі нәтижеге, яғни халықтың табысын ұлғайту және экономикалық дербестікті нығайтуға қарай бағыттауға мүм­кіндік береді. Мұның бәрі тек экономикалық көр­сеткіш емес, бұл ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақ­тылықтың тұғыры.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кең­ей­тілген отырысында заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнер­кәсібін дамыту қажетін қадап айтты. ЖІӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түсті. Тарихи жетістік деуге болады. Осы жыл басында өңдеуші өндіріс көлемі 4,4%-ға артты. Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен біршама жоғары (2025 жылғы қаңтарда – 3,7%).

Үкімет осы қарқынды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсуі керек. Жауапты мемлекеттік органдар ең перспек­тивалы бағыттарды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарланған инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыруға жау­апты. Аталған шаралар сыртқы фактор­лардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақ­тылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орын­дарын құруға және ұзақмерзімді ұлттық мүддеге сай заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға жол ашады.

Трансформацияның жаңа көкжиектері

Президент қойған міндетке сай, Өнер­кәсіп министрлігіне өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту жүктелген. Кейбір бағыт бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. Бұл – қосылған құнның негізгі бөлігі ел сыртында қалып жатыр деген сөз. Мұндай олқы­лықтың орнын толтыру үшін жоғары дең­­гейде өңделген әрі технологиялық жағы­нан озық өнімдер шығару ісін жолға қойған орынды. Осы орайда басымдықтар анық­талды, оған: жинақтаушы бөлшектер шығару, лока­лизация деңгейін арттыру, заманауи техно­логияларды қолдану, өн­дірісті авто­мат­тандыру мен еңбек өнім­ділігін арттыру кірді.

Сонымен қатар Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне 1 ай мерзімде қайта өңдеу саласында қос­ыл­ған құны және экспорттық әлеуеті жо­ғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәс­іптік жобалардың нақты тізбесін ұсыну тапсыр­ылды. Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мульти­пликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарасты­рылуға тиіс. Салалық мем­органдар, әкім­діктер перспективалы инвестжобаларды қа­жетті инфрақұрылым­мен, ресурспен, мемлекеттік қолдау шара­ларымен қамтама­сыз етуге міндетті.

Kazakh Invest-ке меморгандармен, әкім­діктермен, «Самұрық-Қазынамен», «Бәйтерек» холдингімен бірге 1 сәуірге дейін ақпараттың толықтығы мен дұрыс­тығын қамтамасыз етіп, Ұлттық цифр­лық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастыру жүктелді. Бұл қолданыстағы жобаларға қолдау шараларын көрсету барысында жедел шешімдер қа­был­дауға мүмкіндік береді.

Президент елімізде мұнай-газ хи­мия­сы өнімдерін өңдеу деңгейі төмен екенін сынады. Бұл сала өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа бағыттарды дамытуға негіз болуға тиіс. Энергетика және Өнер­кәсіп министрліктері отандық компания­лардың өңдеуіне қажетті полимер шикіза­тын тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ полимер өнімдерін одан әрі өңдеуге арналған жобалардың нақты пулын ұсынуы қажет.

АӨК-те де өңдеуге басымдық берілмек. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты құры­лымында әлі күнге астық пен ет сияқ­ты шикізат басым. Мемлекет басшысы бұл мәселеге бірнеше рет назар аударды. Терең өңделген өнімдер шығаруға күш салу қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды. Табиғи ресурстарды шетелге жай ғана сату – өткен күннің еншісі, оны терең өңдеп, әлемдік нарыққа ұсыну – болашақ­тың кепілі.

Нақты жоба – нақты қадам

Мұнай бағасының құбылмалылығы мен жаһандық геосаяси ахуал да Қазақстанды экономикалық құрылымды өзгертуге мәж­бүрлеп отыр. Қазір Ирандағы ахуалға байланысты мұнай бағасы аспандап бара­ды. Аймақтағы жағдай тұрақталса, қара алтын құны қайта құлдырауы мүмкін. Мы­салы, былтыр мұнай-газдан түсетін түсім төмендеген. Вице-премьер С.Жұманғарин ортамерзімді перспективада да мұнай-газ секторының ЖІӨ өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейтінін айтты. 

– Есесіне бұл төмендеу өңдеуші өнер­кәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты салалардың озық дамуымен өтеледі. Құры­лым­дық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалып отыр. 2010 жылы өңдеуші өнер­кәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі 11,3% болса, 2024 жылы 12,4%-ға жетті. Тау-кен өндіру сек­торының үлесі екі есеге жуық – 19,5%-дан 12%-ға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5%-дан 8,1%-ға дейін қысқарды, – деді ол.

Экономикалық күрделілік индексі бой­ынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 2020 жылғы 87-орыннан енді 55-ор­ынға көтерілді. Бірқатар перспекти­валы бағыт айқындалған. Табиғи ресурс­тарды және агро­өнеркәсіп кешені өнімдерін қайта өңдеу сала­лары экономикаға әсерінің жоғары болуына байланысты басым бағыт­тар ретінде белгіленді. Оның ішінде ең алдымен мына бағыттарды атап өткен жөн: барлық негізгі түсті металдар (ал­тын, мыс, мырыш, алю­миний, қорғасын); қара метал­лургия; сирек кездесетін металдар; химия өнеркәсібі; мұнай-химия; газ өндірісі; агроөнеркәсіп өнімдерін жоғары және орта деңгейде қайта өңдеу; фармацевтика өнеркәсібі.

Жаңа проактивті саясаттың нақты бір кейсіне тоқталсақ: Қазақстан әлемдегі кө­мірге ең бай елдің бірі, бұл шикізат қазір­гі өндіріс қарқынымен бірнеше ғасырға жетер еді. Яғни, көмір химиясын дамыту үшін ұлан-ғайыр шикізат қоры өзімізде мол. Көмір химия­сындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымда тауар өндіруге мүмкіндік береді. Әлеуетті жобаның бірі – Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін, құны шамамен 2 млрд долларды құрайтын көмірден газ өндіру зауыты. Оны қытайлық Shandong Energy Group компаниясы жүзеге асырмақ.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліме­тінше, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар есебінен өндіріс көлемі 7,3 млрд долларға жеткізеді. Qarmet шығаратын  металлопрокаттан Silk Road Electronics кәсіпорнында Samsung тұрмыстық техни­касы өндіріледі. Вагон жасау кәсіпорын­дарын да қажетті шикізатпен қамтиды. Металл өңдеуші кәсіпорындар мен кабель зауыттары арасында шикізат жеткізу жөн­інде келісімдер жасалды. Қолайлы жағдай­лар электротехникалық машина құрастыру­ды дамытуға ықпал етті. Мысалы, Qaz­Tehna зауытында отандық 08КП маркалы мырыш­тал­ған болаттан автобустар шанағына арналған әртүрлі металл элементтер жасалады. 

– Осы жылы галлий шығаратын өндіріс іске қосылады. Былтырғы желтоқсанда Мем­лекет басшысының Жапонияға сапары кезінде ERG мен Mitsubishi Corporation арасында аталған металды жеткізу бойынша офтейк-келісімшартқа қол қойылды. Соны­мен қатар жылына 2,4 мың тонна та­зартылған сурьма өндірісін іске қосу жос­парлануда. Осылай еліміз металлур­гияның midstream сегментіндегі негізгі елдер қатарына кірді. Президенттің тап­сырмасы аясында өңдеу өнеркәсібінің одан әрі даму­ын айқындайтын 17 ірі жоба таңдалды, – деді министр. 

Осы ретте министрлік 9 жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл импортқа тәуел­ділікті азайтуға және экспорт әлеуетін арт­тыруға мүмкіндік береді. Қорыта айт­қанда, Ата Заң жаңашылдықтары мен Үкі­меттің өндірістік жоспарлары – бір арнаға то­ғысқан ірі мақсаттар. Ол мақсаттың ныс­анасы – бақуатты халық және қуатты Қазақстан.

Айхан ШӘРІП