Нұрғали Нүсіпжанов қуанышты жаңалығын жеткізді (видео)

Әнші жүрекжарды тілегін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваны Халық әртісі атағын алуымен құттықтады, – деп жазды Aikyn.kz. 

Әнші жүрекжарды тілегін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, актрисаның қазақ театр және кино өнеріне қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар лайықты марапаттың артында көпжылғы еңбек жатқанын атап өтті.

"Халық әртісі атағың қайырлы, құтты болғай, қарындасым! "Бұтақ иілсе, әлсіз екен деме, жемісінің көптігінен иіледі. Адам иілсе, маған мұқтаж екен деме, тек сені құрметтегендіктен иіледі" деген екен Мөңке би бабамыз… Өнердегі 70 жылымда менің амандығымды, ел-жұрт алдындағы абыройымды Алладан жүрекпен тілеген бір жан болса, ол – театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаева дер едім… Кино әлеміне де, мәртебелі театр өнеріне де аяусыз тер төгіп келе жатқан аяулы жанды төбеме көтеріп қалай мақтасам да, қалай мақтансам да қақым бар… Әділдік салтанат құрып, Халық әртісі атағын алғаныңа шын қуандым, қалқам. Табан ақы, маңдай теріңмен, адал еңбегіңмен өнердің өрін бағындырғаныңа жан-жүрегіммен қуандым, қарғам… Мемлекеттік ең жоғарғы марапатың қайырлы, құтты болсын, қарындасым! Сен 25 жасыңда жан жарыңнан айырылып, ұрпағыңа жетімдік көрсетпей жетілдірдің, жарығым. Көз жасың аз төгілген жоқ. Сол кезде қамқорлық көрсете алмағаныма қабырғам қайысады. Кеш те болса табыстық, кеш те болсақ қауыштық, қалқам. Енді құшағымыз ажырамасын… Сен мені өмір бойы көлеңкеңмен қорғап келдің, көкем. Адамдығыңа, адалдығыңа ақ басымды идім. Енді тек Алланың амандығында жүрші, айналайын", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.