Ақпараттық штаб жұмысын бастады

Алматыда референдум қарсаңында Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы өз жұмысын бастады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығының алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Аталған штаб саяси науқан қорытындысы жарияланғанға дейін елдегі дауыс беру барысы туралы сүзгіден өткен шынайы ақпаратты жедел таратуды қам­тамасыз етеді. Сондай-ақ ре­фе­рендум күні YouTube желісіндегі Independ.kz арнасында штаб жұмысы тікелей эфирде көрсе­ті­леді. Ақпараттық штабтың не­гіз­гі қызметі мен ауқымы тура­лы Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, медиаменеджер Нұр­­жан Жалауқызы айтып берді. 

– Тікелей эфир барысында YouYube платформасы арқылы үш мегаполис пен оннан астам өңір­ден тәуелсіз журналистер сайлау учаскелерінен тікелей бай­ланысқа шығып, дауыс беру процесінің қалай өтіп жатқанын және тұр­ғын­дардың көңіл күйін жеткізіп отырады. Біз қоғамға тек тексе­рілген ақпарат ұсынуды көздейміз. Егер күмәнді немесе нақтылауды қажет ететін ақпарат келіп түскен жағдайда, олар арнайы сарапшы­лардың көме­гімен тексеріледі, – деді Нұржан Мұхамеджанова. 

Осыған дейін біршама тәуел­сіз бақылаушы Ақпараттық штаб құру бастамасын қолдап, жұ­мысқа қатысуға ниет білдірген. Алғаш­қы­лардың бірі болып Алматы қаласындағы 6 үкіметтік емес ұйым ақпараттық алаңда арнайы брифинг өткізді. Қазір тәуелсіз бақылаушылар коали­циясының құрамында мегаполис бойынша 2,5 мыңнан астам бақылаушы бар.

– Коалиция өкілдері елі­міз­дің өзге өңірлерінде де жұмыс істейді. Референдум күні Астана, Алматы және Шымкент қала­ларынан, сондай-ақ Қазақ­стан­ның оннан астам өңірінен тіке­лей қосылымға шығады. Біз бай­­қаушылардың жұмысы тура­лы ақпар тарату үшін арна­йы алаң ұсынуа дайынбыз.  

Қазіргі уақытта референдумға қатысты түрлі жалған ақпараттар мен фейктер таралып жатыр, олардың арасында бойкот жасау­ға шақыратын үндеулер де кез­деседі. Сондықтан объективті әрі жедел ақпарат беру үшін Қоғам­дық коммуникациялар орталығы базасында ақпараттық штаб құрыл­ды, – деді Тәуелсіз байқау­шы­лардың ақпараттық штабының басшысы Рафаэль Гасанов. 

Брифинг соңында қатысу­шылар референдум кезінде ақ­паратты жауапкершілікпен тарату мәселесіне тоқталды. Олар көпшілікті заң мен қоғам­дық тәртіпті сақтауға, аран­датушылық әрекеттерге ермеуге және сенімді дереккөздерге сүйенуге үндеді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы