Инклюзивті қоғам құру маңызды

Елордадағы Kinopark кинотеатрында «Ерекше» көркем фильмінің премьерасы өтті. Бұл картинада мұқалмас жігер мен шексіз мейірім туралы тағылымды оқиға баяндалады.

Алдын ала көрсетілімге Сенат Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев бастаған палата депутаттары қатысты. Жаңа туындыда кәсіби актерлермен қатар боччамен айналысатын параспортшылар да өнер көрсетеді. Бұл туындының шынайылығы мен мазмұнын арттыра түскен қадам болды.

Мәулен Әшімбаев көрер­менді жаңа карти­наның жарық көруімен құттықтап, пара­спорт­шылардың өмі­ріне ар­налған «Ерекше» көркем филь­­мі елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыру үдерісіне серпін бе­реті­ніне сенім білдірді. Сон­дай-ақ ол бұл мәселе Мемлекет басшы­сының басты назарында екеніне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бар­шаға тең мүм­кіндік беретін ин­клюзивті қоғам құру мәсе­лесіне үнемі баса мән беріп ке­леді. Осы бастаманы іске асы­ру аясында мемлекет дең­гейінде тиісті жұмыс қолға алы­нып, кедер­гілерді жою және мүгедектігі бар адам­дар­дың құқықтарын қорғау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңғыр­ту­лар, соның ішінде конс­титуция­лық реформа да әділеттілік, тең мүмкін­діктер, ашық әрі инклюзивті қоғам қағидаттарын нығайтуды көздей­ді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы фильмнің маңызы мен өзектілігіне назар аударып, оның қалыптасқан құндылықтарды жаңаша пайым­дауға және әлемге әр қадамының өзі үлкен жеңіске айналатын адамдар­дың көзімен қарауға мүмкіндік беретінін айтты.

«Инклюзия мәдениеті тек заң­намалық не­гізбен қалыптаспайды. Ол, ең алдымен, шынайы жана­шырлыққа, адамгершілікке, өзара қолдауға табан тірейді. Кино – осындай құндылықтарды дәріп­теудің маңызды тетік­терінің бірі. «Ерекше» фильмі – еліміз­дегі па­распортты дамытуға, па­распорт­шылардың әлеуетін ашуға және инклю­зия мәдениетін ілгерілетуге қосылған үлкен үлес. Бұл жоба өнер мен жылы әзіл арқылы ерекше қажет­тілігі бар адамдарға қатысты маңызды тақырыптарды қозғауға ықпал етеді. «Ерек­ше» – қайсар мінез бен ерік-жігер туралы фильм. Бұл – сенім мен нақты мақсат жо­лын­дағы қажырлы еңбек қоғамдағы үлкен жеңістерге негіз болатынын көрсететін әсерлі оқиға», – деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Kinopark ки­но­театрлар желісінің бас­шысы Алмаз Мал­ды­баевқа, фильм режиссері Ернар Нұрға­лиевке, сце­нарий авторы Сержан Серікбайға, продю­серлерге, актер­лік құрам мен түсірілім тобына аталған маңызды әлеуметтік бас­таманы қолға алып, па­распорт­шыларға қолдау көрсет­кені үшін алғыс білдірді.

Фильм түсіріліміне кәсіби актер­лермен қатар Қазақстан мен Қырғызстан бочча­шылары да қа­тысты. Бұл қадам жарыс атмо­с­фе­расын ба­рын­ша шынайы жеткізуге мүмкіндік берді. Бас­ты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке На­зарбекова және Расул Бауыржан сомдағанын атап өткен жөн.

Кинокартинаның сюжетінде өмірге жеңіл қарайтын жас жігіт Арманның тағдыры сурет­те­леді. Ол бір қателіктің салдарынан спорт ке­ше­нінде қоғамдық жұмыс атқаруға мәжбүр бо­лады. Сол жерде Әйгерім және оның бауыры Ди­дармен та­нысып, мүлде басқа әлемге тап бо­ла­ды. Бұл жерде шынайы күш атақ-даңқ, ақ­ша­мен емес, төзіммен, се­­нім­мен және асқақ рухпен өлшенеді.

Айта кетейік, фильм Қазақстан бочча фе­де­рациясының бастама­сымен Kinopark кино­театрлар желісі мен Tiger Films продю­серлік сту­диясының және басқа да серік­тестердің қол­дауымен түсірілді. Жаңа кар­тинаның кино­театр­лардағы көрсетілімінен түскен қаражат мүге­дек­тігі бар балаларды қолдауға жұмсалады.