«Астана Операның» жаңа шығармашылық мекенжайы пайда болды. Бұл елорданың мәдени өміріндегі айтулы оқиға екені сөзсіз. Театрдың жаңа алаңы – «Бейбітшілік және Келісім Сарайының» сахнасы 14 наурызда М.Фокиннің «Шопениана» және Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балеттерімен ресми түрде ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жаңа алаңдағы алғашқы көрсетілімдер – М.Фокиннің «Шопениана» және Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» бір актілі балеттері келесі өнер көрсетулерге жоғары көркемдік деңгейді белгілейді. Бұл бағдарлама жобаның өзіндік төл белгісіне айналмақ: онда «Шопениананың» академиялық дәлдігі, әртістердің жас буынының сахналық күш-қуаты (Акбар Иминовтың Бозбала партиясындағы және Алина Зырянованың танымал №7 вальстегі дебюттері) және «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» қойылымының жаңашыл хореографиялық тілі (Досхан Зәйдіннің Жастық шақ партиясындағы дебюті) бірігеді. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова осынау кешті жасай отырып, алаңның жаңа театрлық өмірінің басталғанының белгісін атап көрсету үшін жетекші солистер мен жас әртістердің басын қосты.
– Біздің театрда бірнеше бір актілі балеттер бар. Соның арасынан осы екі шығарманы таңдап алдық. Балет өнері көрерменнің жанына өте жақын болуына байланысты «Астана Операның» жаңа сахнасының тұсаукесерін осылай ашпақ болдық, – деді дирижер Руслан Баймурзин.
Оның айтуынша, алдағы уақытта осы сахнада Пучиннидің «Тоска» шығармасы қойылады
- Тағы бір алаңның іске қосылуы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауы, сонымен қатар театрдың «Бейбітшілік және Келісім Сарайымен» серіктестік қарым-қатынасы нәтижесінде мүмкін болды. Бұл географияның кеңеюінің көрінісі екені сөзсіз, бірақ ең бастысы бұл еліміздің басты театрын дамытудағы стратегиялық қадам болып табылады. Бұл бізге көрерменге бұрынғыдан да жақын болуға, әлемдік музыкалық өнердің орасан зор қабатын, оның ішінде ұлттық өнерді де анағұрлым белсенді насихаттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ әртістер мен көрермендер үшін жаңа белестерге жол ашады. Біз мәдени ортаның кеңеюіне әрі қарай жағдай жасаймыз, - деді «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов.
Жаңа шығармашылық мекенжайдың ашылуы театрдың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Іс-шаралар, форматтар мен бағдарламалар саны артады, өз кезегінде бұл аудиторияның да артатынын білдіреді. Келешекте мұнда балеттік және опералық спектакльдер, гала-концерттер өтеді, классикалық өнерге жаңа көрермендерді баулуға бағытталған арнайы жобалар мен білім беру бастамалары ұйымдастырылады.
– «Бейбітшілік және Келісім Сарайы» елорда тұрғындары мен қонақтарының талғамына сай келетін қойылымдар үшін әрдайым ашық. «Астана Опера» театрымен ынтымақтастығымыз елордадағы классикалық өнерді дамытуға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз, - деп атап өтті «Бейбітшілік және Келісім Сарайының» директоры Нарима Мұхамбеталина.