Ұлытау облысының тұрғындары референдумда азаматтық ұстанымын білдіріп жатыр – Дарын Төлеубай

Қазақстанда жаңа Конституция жобасына дауыс беру үшін референдум өтіп жатыр.

Ұлытау облысының тұрғындары референдумда белсенділік танытты. Ұлытау облысында өтіп жатқан референдум туралы  «AMANAT» партиясының байқаушысы Дарын Төлеубайдың пікірін білген едік.  

«AMANAT» партиясы атынан республикалық референдумда байқаушы ретінде Жезқазған қаласы Теректі стансасындағы №6 учаскеде жұмыс істеп жатырмын.  

Бүгінгі дауыс беру процесі ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуде. Учаскеге келіп жатқан азаматтардың белсенділігі байқалады. Таңертеңнен бастап тұрғындар өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, референдумға белсене қатысып жатыр.  

Учаскелік референдум комиссиясы да дауыс беруге келген азаматтар үшін ерекше, көңілді атмосфера қалыптастырған. Учаскеде оқушылар ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ерте келген азаматтарға сыйлық ұсынылуы да адамдардың көңілін көтеріп, жақсы әсер қалдырды.  

Әсіресе, ұлттық құндылықтарды дәріптеген сәттер ерекше әсер етті. Ұлттық киім киіп, бірге дауыс беруге келген ерлі-зайыпты жандарды көру – өте әсерлі көрініс болды. Бұл біздің халқымыздың бірлігі мен дәстүрге деген құрметін көрсетеді.  

Маған ең ұнағаны – жастардың белсенділігі. Көптеген жас азаматтар учаскеге келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді.  

Жалпы, референдум – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатысатын маңызды мүмкіндік. Сондықтан әр дауыс маңызды деп есептеймін», – деді Дарын Төлеубай. 

Бұған дейін Ақмола облысындағы референдумның өту барысы туралы жазған болатынбыз.