Ғылым мен технологияның дамуы экономикаға тікелей әсер етеді – Күнсұлу Закария

Білім беру жүйесін жаңғырту арқылы жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закария ғылым мен технологияның дамуы экономикаға тікелей әсер ететінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол бұл туралы «Референдум – 2026» республикалық онлайн марафоны барысында айтты. «Қазақстанда соңғы жылдары ғылым мен инновация қарқынды дамып келеді, фундаменталды зерттеулер қолданбалы жобаларға айналып, өндірісте қолданыс тауып жатыр. Сонымен қатар, ғылым мен бизнес арасындағы байланыс нығайып, кәсіпорындар ғылыми ұйымдармен бірлесіп жаңа технологияларды енгізуде», – деді Күнсұлу Закария.

Спикердің айтуынша, білім мен ғылым – ел дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Конституцияның жаңа жобасында адами капиталды дамыту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде айқындалған.

Сондай-ақ білім беру жүйесін жаңғырту арқылы жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді. Бұл шаралар елдің тұрақты дамуына және инновациялық экономика қалыптастыруға берік негіз қалайды.