Көкшетауда перзентханада жатқан ана референдумда дауыс берді

Қайраты тайып қарттық жеңген, денсаулығына немесе өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға комиссия мүшелері арнайы барып, дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырып жатыр.

Солардың қатарында перзентханада жатқан жас аналар да бар. Күні кеше ғана босанған көкшетаулық келіншек перзентханада жатып дауыс берді, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Ерекше жағдайда дауыс бергендердің бірі – Алена Бахытбекова. Ол небәрі бір күн бұрын ғана ана атанып, өмірге қыз баланы әкелді. Сәбидің дүниеге келуімен қатар келген қуаныш пен толқуға қарамастан, жас ана азаматтық борышын орындауды маңызды деп санаған.

Аленаның айтуынша, ел өміріндегі маңызды шешімдерге қатысу – әр азаматтың парызы.

«Біз бәріміз еліміздің өміріне белсенді қатысуымыз керек. Қазақстанның дамуы мен гүлденуі үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Бүгін мен тек өзім үшін емес, жаңа туған қызымның болашағы үшін де дауыс беріп отырмын», – дейді жас ана.

Жас ананың бұл әрекеті көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Бір жағынан жаңа өмірдің басталуы, екінші жағынан ел болашағына қатысты таңдау жасау  жас ана үшін ерекше мағына берді.

Перзентханада жатқан ананың дауыс беруі – азаматтық жауапкершіліктің, елге деген сүйіспеншіліктің және болашаққа деген сенімнің жарқын көрінісі екені сөзсіз. Өйткені әрбір жаңа туған сәби – Қазақстанның ертеңі, ал сол ертеңнің қандай болатыны бүгінгі таңдауға байланысты.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы