Қазақстан командасы беделді жарыста 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл жалпыкомандалық есептегі 3-орын. Ұлттық құрама көшбасшысы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 келі) финалда Рошель Уолтерсті (Англия) 2-1 есебімен ұтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Осылайша, ол қатарынан екінші Премьер-лига бәсекесінде жеңімпаз атанды. Софья өткен айда Ыстамбұл қаласындағы турнирде алтыннан алқа таққан.
Ал кумите бағдарламасында -61 келі салмақта өнер көрсеткен Әсел Қанай күміс жүлдегер атанды. Отандасымыз финалда жапониялық спортшы Сарара Шимадамен күш сынасты. Жекпе-жек негізгі уақытта 3:3 есебімен тең аяқталды. Шимада ұпай сапасы бойынша басым түсті. Бұл – Әселдің осы маусымдағы Премьер-лига жарысындағы алғашқы медалі. Ол былтырғы 4 турнирдің нәтижесінде өз салмағында үздік шығып, Grand Winner атағын жеңіп алған.
Сондай-ақ Премьер-лига санатындағы турнирге алғаш рет қатысқан 18 жастағы Мирас Әбдіқадыр (-60 келі) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Мирас қола медаль үшін айқаста түркиялық каратэші Бурак Өздемирді 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Бүгін қола жүлдеге таласқан тағы бір отандасымыз Никита Тарнакин (-84 келі) жапон спортшысына жол беріп, үздік бестіктен көрінді.
Қазақстан командасы Римдегі додада жалпыкомандалық есепте 3-орынға жайғасты.
1. Жапония (3 алтын, 2 күміс, 3 қола)
2. Италия (1 алтын, 1 күміс, 6 қола)
3. Қазақстан (1 алтын, 1 күміс және 1 қола)
4. WKF-1 (Ресей) 1 алтын, 1 күміс
5. Украина (1 алтын, 1 күміс)
Айта кетейік, Жапония мен Италия осы бәсекеге ең көп спортшы (39 атлеттен) қосқан командалар. Қазақстан сапында 16 татами шебері сынға түсті.
Италиядағы турнирде ката және кумите бағдарламасында барлығы 66 мемлекеттен 384 атлет күш сынасты. Келесі Премьер-лига додасы сәуірде Қытайда өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.