«AMANAT» партиясының өкілдері тұтас ел аумағында жүргізілген ауқымды мониторинг деректеріне сүйене отырып, дауыс беру барысына жан-жақты талдау жасады. Референдум күні партия 22 мыңға жуық байқаушының жұмысын ұйымдастырды. Олар еліміздің барлық өңіріндегі сайлау учаскелерінде рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етіп, қолданыстағы заң нормаларының қатаң сақталуын қадағалады.
Баспасөз конференциясында «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаменті директорының орынбасары, партия байқаушыларының жұмысын үйлестіруші Гүлнәр Нұрахметханова және партияның Саяси жұмыс департаментінің қызметкері Арғын Теміржанов сөз сөйледі.
Жүйелі дайындық жұмысы нәтижесінде мониторинг барысы сәтті өткізілді. Атап айтқанда, 2-13 наурыз аралығында байқаушылар корпусына арналған арнайы оқу семинарлары ұйымдастырылды. Оның барысында қатысушыларға сайлау құқығының талаптары, бақылау жүргізу регламенті және барлық дауыс беру кезеңінің ашықтығын қамтамасыз ететін құқық тетіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Баспасөз мәслихаты барысында референдум күні еліміздің көп өңірінде тыныштық пен ашықтық сақталғаны атап өтілді. Өз таңдауын жасау үшін учаскелерге келген азаматтардың жоғары белсенділігі байқалды. Байқаушылар оң әлеуметтік ахуалды атап өтті: отбасылар, әртүрлі буын өкілдері, спортшылар және алғаш рет дауыс беріп отырған жастар дауыс беру учаскелеріне көптеп келді.
Өз кезегінде, партия өкілі Арғын Теміржанов маңызды қоғамдық-саяси оқиға барысы жөнінде пікір білдірді.
«Байқаушыларымыз ел аумағындағы барлық учаскеде жұмыс істеді. Жалпы алғанда, дауыс беру барысы тыныш, ұйымдасқан және ашық жағдайда өтті. Таң мезгілінен бастап-ақ азаматтардың жоғары белсенділігін байқадық. Учаскелерге отбасымен бірге келген адамдар көп болды. Бұл ретте, жастар да белсенді қатысты. Олардың арасында алғаш рет дауыс бергендер де бар. Бұл қоғамның жоғары азаматтық жауапкершілігін және ел болашағына деген қызығушылығын көрсетеді», – деді ол.
Мониторинг барысында жекелеген учаскелерде техникалық немесе рәсімдік сипаттағы болмашы ескертулер тіркелгенімен, оның барлығы заңда белгіленген тәртіппен учаскелік комиссиялар тарапынан жедел түрде шешілді.
Жалпы алғанда, «AMANAT» партиясы байқаушыларының бағалауынша, дауыс беру барысы заң талаптарына толық сәйкес келіп, жүйелі ұйымдастырылған әрі ашық өтті. Тұрғындардың рекордтық деңгейде қатысуы қоғамның стратегиялық мемлекеттік міндеттерді шешу ісіне атсалысуға дайын екенін көрсетті. Іс-шара соңында партия өкілдері бақылау миссиясына қатысқан барлық байқаушыға, комиссия мүшелеріне және өз конституциялық борышын орындаған азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ел аумағындағы республикалық учаскелердегі дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялаған болатын. Комиссия деректеріне сәйкес, дауыс беруге қатысу деңгейі 73,12 пайызды құрады. Бас-аяғы дауыс беруге 9 127 192 адам қатысты.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұсынылған өзгерістерді қабылдауды 7 954 667 адам, яғни дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы қолдап дауыс берді. Ал 898 099 азамат қарсы дауыс берді. 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылды.