Әнші Рахат Тұрлыханов отбасылық жанжалға байланысты полиция бөліміне жеткізілді

Полиция Рахат Тұрлыхановтың жұбайын ұрып-соқты деген күдікпен ұсталғанын растады.

Қазақстандық әнші Рахат Тұрлыханов әйеліне күш көрсетті деген күдікпен полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Полиция Рахат Тұрлыхановтың жұбайын ұрып-соқты деген күдікпен ұсталғанын растады.

Алматы қаласының Медеу ауданында болған отбасылық жанжал бойынша полиция қызметкерлері шақырту алып, оқиға орнына барған. Мән-жайды анықтау үшін жанжалға қатысушылар аудандық Полиция басқармасына жеткізілген.

Ведомствоның мәліметінше, тексеріс барысында әйел бастапқыда өзіне физикалық күш көрсетілгенін айтқан. Бірақ кейін ол ұрып-соғу фактісін жоққа шығарып, тек отбасылық жанжал болғаны жөнінде арыз жазған.

Тексеру нәтижесінде ер адамға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қайшы әрекеттер») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.