Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Қазақстандағы референдумға оң баға берді

Халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы референдум ашық, әділ және қауіпсіз жағдайда өткенін атап өтті.

Қазақстанда өткен республикалық референдум халықаралық бақылаушылардың назарында болды. Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Қазақстандағы дауыс беру процесіне оң баға беріп, сайлау халықаралық стандарттарға сай өткенін атап өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ахмет Йенердің айтуынша, Қазақстан халқының референдумға жоғары белсенділікпен қатысуы демократиялық үдерістің дамып келе жатқанын көрсетеді. Оның мәліметінше, жарияланған алдын ала нәтижелер бойынша, халықтың 73,12 пайызы референдумға қатысып, ұсынылған өзгерістерді қолдаған.

«Қазақстан халқының сайлау учаскелеріне белсенді келіп, өз құқықтарын пайдаланып дауыс беруі демократия тұрғысынан өте қуанышты жағдай», – деді ол.

Бақылаушылар сайлау учаскелеріндегі жұмыс барысын да оң бағалады. Олардың айтуынша, учаске қызметкерлері кәсіби деңгейде жұмыс істеп, барлық сұрақтарға толық жауап берген. Бұл өз кезегінде сайлау комиссиясының алдын ала жүргізген дайындық жұмыстарының сапасын көрсетеді.

Сонымен қатар халықаралық бақылаушылар ерекше атап өткен жаңашылдықтың бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ақпараттық жүйелер. Компьютерлік форматта ұсынылған түсіндірме материалдар сайлау процесін барынша қолжетімді еткен.

«Бұл тәжірибе біз үшін өте қызықты әрі пайдалы болды. Болашақта басқа елдердегі сайлау процестерінде де қолдануға болатын тәжірибе деп санаймыз», – деді Ахмет Йенер.

Жалпы алғанда, халықаралық бақылаушылар Қазақстандағы референдум ашық, әділ және қауіпсіз жағдайда өткенін атап өтті. Олар азаматтардың дауыс беру құқығына үлкен мән берілгенін және барлық ұйымдастыру шаралары халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылғанын жеткізді.