13-14 наурызда «Астана Балет» театры Carmina Burana балет-кантатасын көрермен назарына ұсынып, балет өнерсүйер қауымның басын қосып, көрермен көкейінен шыққан ауқымды қойылым көрермен қауымды ерекше күйге бөледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Премьерасы жазда өткен бұл қойылым – өнер синтезінің арқасында көрермен қауымның арасында резонанс тудырған болатын. Елордалық театр сахнасында оркестр, хор және балет бірыңғай сахналық кеңістікте орындалды.
Композитор Карл Орфтың мистикалық әрі көңіліңді баурап алар шығармасы философиялық әрі эмоцияға бай балеттің негізі етіп алынды. Бұл – ХХ ғасырдың ең қуатты музыкалық шығармаларының бірі. Ол ерекше энергияға ие және академиялық классика мен бұқаралық өнер тоғысқан тұстағы заманауи мәдениетте ерекше орын алады.
Carmina Burana балеті – адам баласының болмысы, жан арпалысы мен азабы, адамның құдірет күшімен үзілмес байланысы туралы ой-толғау. Балет сахнасында материалдық және рухани, жасампаз және қиратушы күш текетіремі көрсетіледі. Мұның бәрі – Фортуна дөңгелегінің үздіксіз қозғалысы, жалындаған өмір мен жанның қайта түлеуі жайлы баяндайды.
Балет оқиғасы екі жанның (Бозбала мен Бойжеткен) айналасында өрбиді. Олар біріне-бірі ынтық. Пәк сезімдері махаббатқа ұласады. Бірақ өзгенің алдап-арбауынан, азғыруынан бойыңды аулақ ұстасаң ғана болмысыңды сақтап, махаббат сырын тану мүмкін екен.
Спектакльдің бейнелік әлемі Орфтың музыкасынан ғана емес, Қайта Өрлеу дәуірі суретшілерінің эстетикасынан да қуат алған. Жаратылыс пен қиратушы күштер шартты түрде Жаратушы және Азғурышмен байланысты символдық кейіпкерлер арқылы бейнеленген.
Хореографиялық туындыны шығаруға көрнекті өнер қайраткерлері қатысты. Қоюшы-балетмейстерлер Мукарам Абубахриева (Авахри) және Тимур Загидуллин шығарманың драматургиясын ашу үшін неоклассика, contemporary және пластикалық импровизация элементтерін біріктірген көркем хореография тілін қолданды.
Музыкасын бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі оркестр, хор және солистер орындады. Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігіндегі хордың қатысуымен вокал жүзеге асырылды. Бұл спектакльдің ауқымы мен дыбыс әлеуетін асырып, көрерменді елітіп әкетті.
Спектакльге опера солистері қатысып, баритон Әділ Сұлтан, тенор Талғат Аллабиринов және сопрано Фируза Рахметова вокал партияларын орындайды.
Театр репертуарындағы Carmina Burana – музыка, хореография, вокал және жарық драматургиясын өмір шырғалаңы мен махаббат салтанаты туралы біртұтас философиялық туындыға біріктірген ауқымды синтездік шығарма.