Тәулік бойы жырлайды

Ақтөбе қаласында «Наурызнама» онкүндігінің Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аясында «Жыраулар жолымен…» атты 24 сағаттық жыр кеші өтті.

Жыршылар алдымен насихат термелерін, халық әндері мен халық композиторларының әндерінен бастады. Жыр кешіне Азия мен Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының бас офицері Қуандық Құдайбергенов қатысып отыр.

Ақтөбедегі Халық шығармашылығы орталығында жыршылар терме, дастан айтты. Жыр кеші төрт бөлімге бөлінген. Алдымен насихат термесі, халық әндері жырланды. Ал II, III, IV бөлімдерде «Қырымның қырық батыры» жырланады. V–VI бөлімде «Діни қиссалар» мен «Насихат» термелері айтылады.

– Өте қысқа мерзімде шешім қабылданды. Шетелдегі 13 сарапшының ішінен төртеуі қарсы болды. Көпшілік қолдауымен жоба қолдау тапты. Негізі, Финляндия мемлекетінің эпосы әлемге танымал екен. Барлық эпосты, фольклорлық жырды рекордқа кіргізіп алған ел – осы. Басқа халық рекордқа кірмеген. Сөйтіп, ақтөбеліктер түркітілдес елдер ішінде, ұлы дала халықтары ішінде бірінші болып әлем рекорды кітабына енеді, – деді Қуандық Құдайбергенов.

Жыр жобасы рекордтар кітабының талабына сәйкес таспаға түсіріледі, арнайы сарапшылар тәулік бойы бақылап отырады. Жыршылар шығармашылық үйіне қонады, осында ауқаттанады. Олардың әрқайсысының өз кезегі бар.

Эпостанушы ғалым Асқар Тұрғанбаевтың айтуынша, «Қырымның қырық батыры» дастанын мамандар 1942 жылдан бастап жазып алған. Ақтөбелік жыр мектебінің жыршылары дәл сол нұсқаны орындайды.

«Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сариннің айтуынша, бұл күні 33 оқушы мен 2 мұғалім жыр айтады. Олардың бірі 4-5 сағат, тағы бірі 15-20 минут жырлайды.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ