Мемлекет тарихының жаңа парағы ашылды

Сонымен Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасады. Араға 30 жылдан астам уақыт салып, жаңа Конституцияны жақтап дауыс берді. Жексенбі күні еліміз бен шетелдердегі референдум учаскелерінде дауыс беру өтіп, халық өз ұстанымын білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дауыс берді.

Мемлекет басшысы 15 наурызда Астана қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №51 референдум учаскесінде дауыс берді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз таңдауын жасағаннан кейін отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған бри­финг өткізді. 

Президент дауыс беру күнінің еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерек­ше маңызды екенін атап өтті.

– Бүгін – еліміздің тағдырын айқындайтын күн. Баршаңызға құт­ты болсын! Шын мәнінде, бұл – тарихи құжат. Ол азамат­тары­мыз­дың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Сон­дық­тан оның маңызы өте жоғары. Жаңа Конституция еліміздің, жері­міздің тұтастығын, Тәуелсіздігі мен Егемендігін қорғайды. 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше рөл атқарды. Еліміз 30 жылдан астам осы құжатпен өмір сүрді. Бірақ заман бір орында тұр­майды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұ­мыс­қа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преам­була­сын жә­не басқа да нормаларын өзім жаздым. Жаңа Ата заң ел игілігіне, ке­лешегіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қазақстан көштен қалмауы керек

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев кон­с­ти­туциялық реформаның негізгі мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ халық­аралық жағдай төңірегінде журналистер қойған сұрақтарға жауап берді. 

 «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғанидің:

– Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформа ұзақ уақытқа созылады. Ал бізде жаңа Конституцияны дайындауға және талқылауға аз ғана уақыт жұмсалды. Бұған халықаралық байқаушылар назар аударып, сынға алды. Сіз бұл жөнінде не дейсіз? – деген сауалына Қасым-Жомарт Кемелұлы толыққанды жауап беріп, іс жүзінде Конституция жобасын әзірлеу қысқа мерзім ішінде өтпегенін айтты.

– Бұған дейін айтқанымдай, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды. 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілгені өздеріңізге мәлім. Сол кездің өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Бірақ біз ондай қадамға бармадық. Дегенмен жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болды. Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім. Қазақстан, ең алдымен, зайырлы мемлекет болуға тиіс. Бұл Конституция елімізді ілгерілететініне ешқандай күмәнім жоқ. Біз көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Озық ел болсақ, басқа мемлекеттер бізге құрметпен қарайды. Ел тағдыры өз қолымызда. Сол үшін табанды еңбек ету керек. Алдымызда тұрған ең үлкен мақсат – осы, – деді Мемлекет басшысы. 

Расында да, конституциялық реформалар тамыры тереңге кетеді. Президент 2022 жылғы өзгерістерді алға тартқанымен, Қазақстан қоғамында түбегейлі өзгерістерге бет бұру 2019 жылдан басталды. Президент сол жылы және одан кейін халық үніне құлақ асу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды, бұқараның жағдайын жақсарту, борыш қамытынан құтқару үшін несие кешірудің бірреттік шарасын өткізді, зейнетақы қорында жиналған артық қаржыны пайдалану мүмкіндігін қарастыру бастамасын көтеріп, жүзеге асырды. Кейін Ұлттық құрылтай жасақталды, нәтижесінде Конституцияның жаңаруына алып келді. 

Дегенмен жаңа Ата заң алып келген өзгерістердің мәнін бұрмалап, түрлі қауесет таратушылардың кесірінен ел ішінде тың құжаттағы баптарды әлі де толық түсін­бейтіндер кездеседі. Сондай пікірлерге құлақ түрген Jibek joly телеарнасының тілшісі Зұлқарнай Ермұрат Мемлекет басшысынан билік транзиті жайлы сұрады. 

– Кейбір сарапшылар «Конституциялық реформа – билік транзитіне, Президент сайлауына дайындық» деген пікір айтып жүр. Жалпы, Вице-президент лауазымы не үшін қажет? Осыған қатысты пікіріңізді білсек деп едік, – деді тілші.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Вице-президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын. Ал Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді, – деді.

Осылайша, конституциялық реформа астарынан басқаша сипат іздейтіндердің көкейінде жүрген сауалға жауап берді. Мемлекет басшысы 2022 жылғы референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістердің бұлжымайтынын меңзеді. Қоғамдағы «Жаңа Конституция қабылданса, Президент те, Парламент те жаңадан сайлануға тиіс» дейтін болжамға құрылған үкімді жоққа шығарды. Биыл заң шығарушы органға депутаттар сайлау науқаны өткенімен, Президент сайлауы өз мерзімінде, 2029 жылы өтетіні белгілі болды. 

Zakon.kz сайтының тілшісі Оксана Даированың жаңа Конституцияны бірер ауыз сөзбен сипаттап беру туралы өтінішіне Мемлекет басшысы:

– Бұл – заң мен тәртіп үстемдік құратын Әділетті Қазақстанның Конституциясы, болашаққа бағдарланған құжат. Ата заң алдымен жастарға арналған, яғни жас буынның темірқазығы болуға тиіс. Жаңа Ата заңның мақсаты – осы. Қазақстан прогрессивті, заманауи мемлекетке айналуы керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған ең басты міндет, – деп жауап берді. 

Халықаралық саясатта өз ұстанымымыз бар

Брифингте журналистер Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымына қатысты да сауалдар қойды. Әсіресе, Парсы шығанағында соғыс басталған кездегі ресми Астананың ұстанымына назар аударды. Көпшілік Иранға соққы жасалған сәтте Қазақстан тарапының бірден көңіл айту жолдамағанын түсінбей қалған еді. Араға бірер күн уақыт салып, Иран елшілігіне Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев барып, көңіл айтқан болатын. Ал Президент сол күндері шығанақ жағалауындағы араб елдерінің барлығының дерлік басшысымен телефон арқылы тілдесті. Бұл жағдай көпшілікті ойландырған еді. Осыған орай Tengrinews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Айсұлтан Құлшыманов:

– Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Сіз бұл ұстанымды жақында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлім­демелеріңіз арқылы растадыңыз. Сондай-ақ Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірдіңіз. Бірақ Иран Президентімен сөйлеспедіңіз. Бұл Қазақ­станның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме? – деген сұрақ қойды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев тілшіге берген жауабында Парсы шығанағындағы соғысқа байланысты Қазақстанның ұстанымы өзгелерге ұқсамайтынын меңзеді. 

– Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипло­ма­тиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл – айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның «Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды» деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Мен ешкімді айып­тамаймын, жай ғана факті ретінде айтып отырмын. Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан, діни билік үстемдік етеді. Өйткені Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол – формалды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемле­кеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз, – деді Президент. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Euronews телеарнасының тілшісі Боян Бркичтің де сұрағына жауап берді. Еуропалық журналист:

– Сіз Қазақстан халықаралық аренада орта держава ретінде танылғанын ұдайы айтып келесіз. Еліңіз Президент Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне мүше болды. Сіздің ойыңызша, Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай Бейбітшілік кеңесіне қалай әсер етеді? Бұл бастама өміршең дей аласыз ба? Дональд Трамптың жобасын қолдау жөніндегі шешімге қалай келдіңіз? – деп сұрады. 

Қазақстан басшысы:

– Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының Президентіне құрметім ерекше екенін атап өткім келеді. Оның ақыл-парасатқа негізделген стратегиясы өте дұрыс, құптауға лайық. Бейбітшілік кеңесі туралы бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешудегі жаңашыл тәсілдері көңілден шықты. Мұнда әуелі дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктері ұштасады. Бұл қарапайым халыққа, соның ішінде Газа секторының тұрғындарына нақты пайдасын тигізеді. Әлем халқы бітпейтін конференциялардан жалықты. Аталған жиындарда қабылданатын ізгі ниетті қарарларды аздаған адам ғана оқиды. Сол себепті бұл идеяны қолдау қажет деп ойлаймын. Өйткені тың шешімдер ұсынады. Президент Трамп мықты тұлға ретінде әсер қалдырады. Ол – батыл көшбасшы. Таяу Шығыста, соның ішінде Палестинада бейбітшілік орнату мүмкіндігі әлі де бар екеніне кәміл сенемін. Бұл бастама баянды болады деп үміттенемін, – деп жауап берді.

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатының прагматикаға құрылғанын тілге тиек етті. Түрлі жанжалдар мен шиеленістерді шешуде тың шешімдер қажет деп санайтынын меңзеді. 

Жас келсе – іске

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазмедиа» орталығында респуб­ликалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесті.

Президент бұл  тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Енді 15 наурыз – Консти­туци­я күні болып белгіленеді. Бұл – еліміздің басты құжаты. Мен басқа да мемлекеттердің Конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жаңа Конституция, ең алдымен, жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды.

– Ауқымды үгіт-насихат науқаны жүргізілді. Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, креативті индустрия өкілі, кәсіпкер Камиль Байрамов, белсенді жастар Ержан Хамитов пен Нұрбол Серікбай сөз сөйледі.

Жастар бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 мил­лионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістің барлығын қолдайтынын айтты.

15 наурыз – Конституция күні болып бекітіледі

Дауыс беру аяқталғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындысымен танысты. Зерттеу жүргізген бірнеше орталықтың қоры­тындылары бір-бірінен алшақ кете қоймағаны байқалды. Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша халықтың 86,7%-ы жаңа Конституция жобасын жақтаса, жаңа Ата заңды қолдаушылар үлесі «СОЦИС-А» зерттеуі бойынша 87,4%, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты өткізген экзит-поллда 88,6%-ды көрсеткен.

«Қазмедиа» орталығының студиясында экзит-полл нәтижелері таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы мәлімдеме жасады.

– Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес, қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүниежүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отыр.

– Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.

– Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымызға мың да бір рақмет! Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Мемлекет басшысы халыққа ризашылығын білдірді. Ал бұқара Президент бастамаларын қолдайтынын, болашаққа сеніммен қарайтынын көрсетті. Ал экзит-полл көрсеткіштері нақты деректерден көп алшақтай қоймапты. Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасының Референдум жөніндегі орталық комиссиясы республикалық референдумдағы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Есеп-қисапқа қарағанда дауыс беруге құқы бар 12 млн 982 мың 603 адамның 9 млн 127 мың 197-сі референдумда өз таңдауын жасапты. Сайлаушылардың белсенділігі 73,12%-ды құрады. Ал жаңа Конституция жобасын қолдаған дауыс берушілердің үлесі 87,15% болды. Бұл дегеніңіз – 7 млн 954 мың 667 адамның үні деген сөз. 

Ардақ СҰЛТАН