Жәрмеңке жұмыссыздықты жоюға сеп

Аймақта жұмыссыздықпен күрес жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Қарағанды облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрайды.

Астанада Премьер-министрдің орын­басары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлі­гінің кеңейтілген алқа отырысы өткен бола­тын. Сол отырыста басты мәселелердің бірі халықты жұмыспен қамту тақырыбы болды. Жиында айтылғаны 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 2,9 млн сапа­лы жұмыс орны сақталып, 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру болды. Жиында жұмыс орнындағы адам қауіпсіздігі мен қорғалуы да қаралды. «Цифрландыру жағ­дайында ыңғайлы әрі түсінікті коммуни­кация құралдарын енгізу маңызды», – деп есептейді Аида Балаева.

Сонымен қатар тараптардың кепіл­дік­терін, құқықтары мен міндеттерін ай­қын­дайтын еңбек шартын әзірлеу тапсырылды.

Ведомствоның басым міндеттерінің бірі – мүгедектігі бар адамдарды кешенді әлеу­меттік қорғау. Оларды жұмыспен қамту тәсілдерін жетілдіру, техникалық қажет құралдарымен қамтамасыз ету және инфра­құрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру мәселелері өзекті екені айтылды. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды дамыту мен әлеуметтендіруге ерекше назар аударылды.

Айта кету керек, Қарағанды облысында жұмыспен қамтуға аса көп мән берілген. 2025 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 23 148 жас, оның ішінде 21 476 адам жұмыспен қамтылды.

Статистика органдарының деректеріне сәйкес, өткен жылдың 3-тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрады. 

Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмен, алайда Қазақстан Республикасы бой­ынша республикалық көрсеткішке сәйкес келеді – 3% (2024 ж. 3-тоқсан – 3,1%).

Қарағанды облысында бос жұмыс орындарына 9 009 адам жолданды; жобалар аясында – 876 адам; жеке бастамалар бойынша – 7 094 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарына 4 435 адам орналастырылды, олардың ішінде 123-і – мүгедектігі бар адамдар. Жастар арасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар бағыттары кеңінен сұранысқа ие.

Жаңа дағдыларды меңгеру және білік­тілікті арттыру мақсатында қысқамер­зімді кәсіптік оқуға білім беру ұйымдарына 196 жас жіберілді. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша олар газэлектр дәне­керлеуші, слесарь, тігінші, аспаз, кондитер, бухгалтер және басқа да мамандықтар бойынша серти­фикаттар алды.

Оқу мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 6 айдан ас­пайды. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізілді. Нәтижесінде, 726 адам сертификат алды. Әлеуметтік осал топтағы жастарға 400 АЕК (1 572 800 теңге) мөлшерінде 62 грант берілді.

Гранттар тафтинг стиліндегі кілемдер өндіру, табиғи компоттар шығару, ерлер киімін жеке тігу, жедел тағам дайындау цехын ұйымдастыру, автокөлік қаптамаларын тігетін ателье ашу және басқа да жобаларға берілді.

Сонымен қатар электрондық еңбек биржасында (skills.enbek.kz) 750 адам он­лайн-оқытудан өтті. Электрондық еңбек бир­жасының «Мансап компасы» цифрлық экожүйесі (mansap.enbek.kz) іске қосылды. Платформадағы деректер күн сайын жаңар­тылып отырады. Онда жалақысы 300 мың­нан 700 мың теңгеге дейінгі 400 сұран­ыс­­қа ие мамандық бойынша ақпарат ұсынылған.

Студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыру мақсатында электрондық еңбек биржасында өндірістік практика функционалы іске қосылды. Қалалар мен аудандарда тұрақты түрде бос жұмыс орын­дары жәрмеңкелері өткізіледі. Потенциалды жұмыс берушілер қатарында барлық меншік нысанындағы ұйым мен кәсіпорын бар.

2025 жылы барлығы 145 бос жұмыс орын­дары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1 560 жұмыс беруші қатысты. Жалпы саны 24 562 бос жұмыс орны ұсынылды.

Мобильді топтар мемлекеттік жұмыспен қамтуды қолдау шараларын түсіндіру мақ­сатында шалғай ауылдарға шығады. Өткен жылы мамандар 375 рет іссапарға жіберілді.

Жақында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде студ­ент жастар үшін маңызды шара – «Карь­ера Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырылатын бұл іс-шара университет пен өндіріс арасын­дағы байланысты нығайтып, болашақ ма­ман­дардың еңбек нарығына еркін бейім­делуіне жол ашады. Іс-шара барысында өңір­дің 90-ға жуық жетекші компаниялары, ұлттық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде ірі зауыттар мен өндірістік кәсіпорындардың 60-тан астам өкілі келді. Студенттер жұмыс беру­шілермен тікелей байланыс орнатып, тағылымдамадан өту, жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы нақты ақпарат алды. Іс-шара барысында университет басшылығы түлектердің жұмыс­қа орналасу көрсет­кіштерімен бөлісті. Былтыр зерттеу нысан­дары бойынша оқуын аяқтаған түлектердің 91 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл – тек теориялық білім ғана емес, тәжірибелік дағдылардың да сапалы қалыптасқанын көрсетеді. Қазір оқу орны 86 өнеркәсіптік кәсіпорынмен серіктестік орнатқан. Соның ішінде 33 кәсіпорынның тапсырысы бойынша 268 студент білім алуда. Олардың оқу ақысын өндіріс орындары төлейді.  Сонымен қатар университет жанындағы колледж 14 мамандық бойынша кадр даярлайды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, 

Қарағанды облысы