Көшкіннен келер қауіп бар

Алматыда әлі де көшкін қаупінің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұл – жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс.

Десек те, осыған қарамастан ескерту дабылын елемей, жоспарсыз тауға бағыт алатындар бар. Сол себепті, қауіпсіздік сақшылары қолайсыз кезеңде қала тұрғындары мен қонақтарына тауға шықпауға кеңес береді.

Көшкін қаупі жоғары 165 учаске бар

Қазіргі уақытта Алматы қаласы тау­ларында көшкін қаупі жоғары 165 учаске тіркелген. Оның ішінде, тұр­ғын үйлер мен инфрақұрылым ны­сан­дарына тікелей қауіп төндіретін 14 учаске бар. Осыған байланысты «Қаз­сел­денқорғау» мамандары көшкін қау­пін сейілту үшін арнайы бекітілген кес­теге сәйкес, қауіп деңгейі сақталған  учаскелерге тұрақты мо­ни­то­ринг жұмысын жүргізіп отырғанын мә­лімдеді. Бұл туралы газетімізге «ҚР ТЖМ Қазселденқорғау» ММ Алматы қа­лалық басқармасы басшысының орын­басары Әлішер Тоқтасын айтып берді. 

– Қар көшкіні жағдайы тұрақты ба­қылауда. Қар қалың түскен жағ­дай­да демалушылар мен туристердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақса­тын­­да қар массаларын алдын ала про­­филактикалық түсіру жұмысы ат­­қа­рылып жатыр. Сондай-ақ қала тұр­­ғындары мен қонақтарына ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қауіп­сіздік шаралары туралы хабар­ла­ма­лар мен брошюралар таратылды, – деді ол.

Алматыда көшкін қаупі жоғары ай­мақтардың картасы соңғы рет 2024 жыл­дың желтоқсан айында жаңар­тыл­ған. Құжатта Қотырбұлақ, Кіші жә­не Үлкен Алматы өзені алап­та­рын­дағы қар көшкіні жүруі ықтимал бет­кей­лер нақты белгіленіп, әр учаскеге қауіп деңгейі берілген. Алайда кар­та­да­ғы қызыл аймақтардың саны азай­ған жоқ. Керісінше, жыл сайынғы жауын-шашын мөлшерінің артуы мен ауа райының құбылуы қауіп-қатерді одан сайын күшейте түседі.

– Қазір Алматы қаласының таулы ай­мақтарында қар көшкіні қаупі жо­ғары деңгейде сақталған. Әсіресе, көк­­­тем мезгілінде күннің жылынуына бай­ланысты қар жамылғысының тұ­рақ­тылығы әлсіреп, қар массасының өз­дігінен төмен сырғу ықтималдығы ар­тады. Қар көшкіні тек биік тау бөк­тер­леріне ғана емес, сол аумақтарда ор­наласқан тұрғын үйлерге, инже­нер­лік инфрақұрылым нысандарына, ав­­­­томобиль жолдарына және туристік ба­ғыттарға елеулі қауіп төндіреді. Тау­лы аймақтарға демалысқа шығатын тұр­ғындар мен қонақтардың қауіпсіз­дігі де ерекше назарда болуы қажет. Мұн­дай жағдайда ең маңызды атқары­лу­ға тиіс шаралардың бірі – профилак­ти­калық жұмыс, яғни алдын ала қар мас­сасын түсіру жұмысын жүйелі түр­де жүргізу, – деді Әлішер Жеңісұлы. 

15 градустан жоғары беткейде құрылыс салуға тыйым салынған

Кейінгі жылдары Алматының тау­лы аймақтарындағы құры­лыс мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қоғам белсенділері мен жер­гі­лік­ті халық тау бөктеріндегі кез келген жаңа құрылыс экологиялық тепе-тең­дік пен қауіпсіздікке қатер төндіруі ық­тимал екенін алға тартады. Өйткені дәл осындай аумақтарда орналасқан ны­сандар қар көшкіні қаупін арт­ты­ра­ды деген алаңдаушылық бар. Қала әкім­дігінің дерегіне сүйенсек, 2024 жы­лы наурыз айында жарияланған ақ­паратқа сәйкес, тау бөктерінде заң­сыз құрылыстың 54 фактісі анық­та­лып, олардың 46-сы бойынша сотқа та­лап-арыз жолданған. Оның 30 жағ­дайы қала пайдасына шешілген. 2022 жыл­дың жазында мәслихат функ­цио­нал­дық аймақтарды дамытуға ар­нал­ған қала құрылысы регламенттеріне өз­герістер енгізіп, 15 градустан асатын бет­кейлерде құрылыс салуға тыйым салды. Бұл нормалар Алматы қала­сы­ның  2040 жылға дейінгі бас жоспарына ен­гізілген.

– Біздің мекеменің негізгі қызме-ті – төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпті табиғи процестердің сал­­дарын болдырмау. Осыған бай­ла­ныс­ты біздің тарапымыздан қауіпті учас­келерде орналасқан нысандарға тұрақты түрде ескерту және алдын алу шаралары күшейтілді. Қар көшкіні қау­пі бар аумақтарда орналасқан тау-шаң­ғы курорттарына, демалыс орын­дарына, тұрғын үй иелеріне, визит-орталықтарға және өзге де нысандарға тү­сіндіру жұмысы қолға алынып, қауіп­­сіздік талаптарын сақтау жөнінде жаз­баша ескерту қағаздары табыс­та­лады, – деді «ҚР ТЖМ Қазселден­қор­ғау» ММ Алматы қалалық басқармасы бас­шысының орынбасары Ә.Тоқ­та­сын.

Бүгінде Алматы қаласында Қар­ғалы, Үлкен Алматы және Кі­ші Алматы өзен алаптарында жалпы саны 8 селден қорғау бөгеті орна­лас­қан. Әлішер Жеңісұлының дерегінше, атал­ған гидротехникалық құры­лыс­тың барлығы бекітілген жоспарға сәй­­кес тексеруден өтіп, мамандар оның техникалық жай-күйіне мо­ни­то­ринг жүргізеді. Тексеру барысында бө­геттердің конструктивтік элемент­тері, су өткізгіш құрылыстары мен жи­­­налған шөгінділердің көлемі ба­қы­лауға алынады. «Анықталған кем­ші­лік­тер бойынша уақытылы жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстары ұйым­дас­тырылады. Сонымен бірге сел қау­пі жо­­­ғары кезеңде қажет болған жағ­дайда арналарды тазалау және ал­дын алу шаралары жүзеге асырылады», – деді маман. 

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті таулы аудандарда тау көш­кіні қаупінің артуына байланысты шұғыл мәлімдеме жасаған еді. Синоп­тик­тердің сөзінше, ауа райының құ­былуы мен қардың қалыңдығы кез кел­ген уақытта көшкінге ұласуы ық­ти­мал. Сондықтан белгіленген шек­теу­лер таудағы ахуал тұрақталғанша кү­шінде болады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы