Транзиттің тағдыры Қазақстанда шешілмек

Ормуз бұғазының бұғатталуы, логистиканың тұйық­та­луы әл­ем­ді тығырыққа тіреп, баламалы бағыт із­деу­ге мәжбүр етті.

Геосаяси құбылмалы кезеңде Қазақстанның транзит­тік әлеуеті ұлттық қауіпсіздік пен жаһандық ықпалдың те­ті­гі­не айналады. Президент соңғы Жолдауында «аймақтардың көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналы­су» міндетін қойған-тын. Себебі қазақ елінің географи­я­лық ­арт­ықшылығы бүгінде жаңаша мазмұнға ие болды. Шығыс пен­ Батыстың арасын жалғаған алтын көпірдің ахуалы мен болашағы қандай?

Тоғыз жолдың торабындағы серпін

Ормуз бұғазындағы қолдан жасалған тығырық әлемдік сауда жолдарының қан­шалық нәзік жүйе екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бір ғана теңіз өткеліндегі кідіріс мыңдаған шақырымға созылған экономи­калық тамырларды тарылтып, континенттер арасындағы сауда ағынын тежей алады. Демек, Еуразияның кіндігінде орналасқан Қа­зақстанның стратегиялық рөлі бұрын­ғыдан да ірілене түспек. Еліміз арқылы өтетін құр­лықтық дәліздер бұғаз сияқты тар қылталарға тәуелділіктен біршама құт­қаруға қауқарлы. Бірақ бұл үшін Қазақ­стан өзіндегі логисти­каның тар тұстарын кеңейткені абзал. Былтыр ел аумағы арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асып, ұлан-ғайыр дала­мыздың жаһандық саудадағы салмағын айқын аңғартты. Алайда, Президент атап өткендей, қолда бар мүмкіндіктің әлі де игерілмеген тұстары зор. Транзиттік мүмкін­діктерімізді толық­қанды игеру арқылы Еуразияның басты көлік хабына айналуға тиіспіз.

– «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия ел­дерінің нарығына тікелей жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын да­мытудың маңызы арта бастады. Бұл б­ағыт­тардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында. 

Географиялық артықшылықты эконо­микалық капиталға айналдыру үшін тек жол салу жеткіліксіз, сол жолдарды жаһан­дық сауданың ажырамас бөлшегіне айнал­дыратын жүйелі шара қажет. Және осының бәрі Қа­зақ­станның өз ішіндегі қатынастың дамуына және жол құрылысына соны сер­пін беруге тиіс. Сондай-ақ инфра­құ­ры­лымды жақсартуға жаңа инвестиция тартып, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етсе жөн. Осы орайда Мемлекет басшысы цифрлық тәсіл­дерді ауқымды түрде қолдануды тапсырды: онсыз ешқандай тиімділік болмайды.

Қ.Тоқаев 2026 жылы ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты те­мір­жолының екінші желісі іске қосыла­тынын мәлімдеді. Жобаны Қазақстан өз күшімен әрі өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырды. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше: «Шығыс – Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырмақ. 

Үкіметте жол-көлік саласына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жетекшілік етеді: «Теміржол сала­сында 2025 жылы ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма теміржол желісі іске қосылды, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды, шамамен 320 млн тонна жүк тасымалданды», – дейді ол. 

2026 жылғы жоспар шеңберінде теміржол саласында Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар желілерінің құрылысы, Алтынкөл – Жетіген, Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ Бақты – Аягөз жобасын жалғастыру көз­дел­ген. Бұл жобалар еліміздегі теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастырады. 

Өңірлік теңсіздіктен – біртұтас желіге

Сондай-ақ Мемлекет басшысы негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берудің маңызын нұс­қады. Жол салған кезде транзиттік дәл­іздерге баса көңіл аударған жөн. Президент Сексеуіл – Бейнеу жолының құрылысын тездету міндетін қойды. Осы жолдың ар­қа­сында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі үштен бірге қысқарады.

Р.Склярдың мәліметінше, автомобиль жолдары саласында 13 мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Қызылорда – Жезқазған (Қызылорда облысы аумағында), Қалбатау – Майқапшағай және Ұзынағаш – Отар жобалары аяқталды.

Жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструк­циялау жұмыстары жалғасады. Атап айт­қанда, Қызылорда – Жезқазған автожолында (Ұлытау облысы аумағында) жұмыстар жүргізіледі. Орталық – Батыс жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі басталады. Сондай-ақ Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Қызылорда және Бейнеу – Сексеуіл жобаларын бастау жоспарланған.

Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында, Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде айлақтарды реконструкциялау және түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау көзделген. «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылғы жол-құрылыс маусымында жалпы ұзындығы 8 800 шақырым автожол жөндеу-салу жұмыстары түрімен қамтылды. Ал 2026 жылы тағы 8 900 шақырым авто­жолда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

– Оның ішінде 3 400 шақырым – құры­лыс және қайта жаңарту жобалары, 324 шақырым – күрделі жөндеу, 5 200 шақы­рым – орташа жөндеу. Сондай-ақ апаттық қауіпті жағдайда тұрған 53 көпірдің жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.  Биылғы жол-құрылыс маусымында шамамен 12 мың бірлік арнайы техника, 25 мың жол маманы және 193 асфальтбетон және бетон зауыттары жұмылдырылады, – деді ол. 

Дархан Иманашев Ақтөбе – Ұлғайсын, Сарыағаш және Қызылорда қалаларының айналма жолдарын қайта жаңарту бойынша отандық мердігер ұйымдар анықталғанын әңгімеледі: осы айда құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал «Орталық – Батыс» жобасы бойынша ұлттық компания дайындық жұмыстарына кіріскен.  Қарағанды – Жез­қазған, Атырау – Доссор, Қызылорда – Сексеуіл, Бейнеу – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сек­сеуіл сияқты қалған жобаларға Қа­зақ­станның Даму банкі және өзге халық­аралық қаржы институтымен бірлесіп конкурстық рәсім жүргізеді. 

Шекаралық инфрақұрылымды дамыту аясында Еуразиялық одақ елдерімен бірге автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2028 жылға дейін 37 пунктті жаң­ғырту жоспарланған. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасты. Сондай-ақ 5 пунктте жүк көлік­теріне арналған сервистік аймақтар салынып жатыр. Қалған 23 өткізу пункттері бойынша дайындық жұмыстары басталды. 

Ақылы жолдағы жауапкершілік жүгі

Ақылы автомобиль жолдарының инфра­құрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр екен. Қазіргі кезде ел аумағында жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол телімі бар. Ауқымы күрт өседі: биыл жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарланған. Сондай-ақ ақылы жолдарда ақаулар анық­талған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Бүгінде 14 учас­кеде жалпы көлемі 1 млн 100 мың ша­р­шы метр ақау тіркелді. Жөндеу жұ­мыс­тары жол-құрылыс маусымы басталы­сы­мен қолға алынады. Азаматтардың өтініші бойынша төлем мерзімі 7 күннен 30 күнге дейін ұзар­тылмақ. Бұл өзгерістер мемлекеттік орган­дардың келісімінен өту үстінде.

«2025 жылы ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түсті. Қаражат жолдарды күтіп ұстауға бағытталды және 1 456 арнайы техника мен жабдықтар сатып алынды. 354 мың шаршы метр жол жабынына ағым­дағы жөндеу жүргізілді. Қыста 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал себілді», – деді басқарма төрағасы.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басым бағыт. Д.Иманашев ақылы жол телімдерінде қозғалыс қарқындылығы 20%-ға артқанына қарамастан, жол-көлік оқиға­ларының саны 8%-ға төмендегенін жеткізді. Қолайсыз ауа райы кезінде жедел шара қабылдау нәтижесінде, эвакуация­лан­ған азаматтар саны 3 есе қысқарды. Сондай-ақ былтыр 700 мыңнан астам авто­көлікке ко­лон­намен сүйемелдеу қызметі көрсетілді. 

Су тасқыны жол инфрақұрылымының талмау тұстарын әшкереледі. Су басумен күрес кезінде қызыл суды өткізу үшін қаншама жол қазылып, бұзылды. Өйткені олардың суағарлары қарастырылмапты. Биыл да солай болмай ма? «ҚазАвтоЖол» басшысының мәлімдеуінше, су тасқыны кезеңіне дайындық кешенді түрде жүргізіліп жатыр. 2024-2025 жылдары бір мыңнан астам су өткізу құбырлары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген, қауіпті учаскелер саны 2 есеге қысқарыпты. Мұның сыртында тасқынның алдын алу үшін әкімдіктермен бірлесіп, 219 карьерден инертті материалдар қоры жеткізілді.  

Сапа мен төзім сынағы

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың хабарлауынша, Қазақстанда 7 халықаралық автомобиль дәлізі құрылды. Жалпы, 95 мың шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде 25 мыңы – республикалық жол. Бәрі Көлік министрлігіне қарайды: нормативтік жағдайы 94%-ды құрайды. Жолдардың басым бөлігі – 70 мың шақы­рымы облыстық және аудандық жолдар, яғни жергілікті органдар жауапкершілігінде. Оның нормативтік жағдайы – 91%. Респуб­ликалық маңызы бар жолдарда нормативтік жағдай шамамен бір деңгейде сақталған. Ал жергілікті жолдар бойынша батыс өңірінде жолдардың нормативтік деңгейі нашарлау көрінеді.

– Алдағы үш жылда жергілікті органдар­мен бірге, өңірлік жолдарды жөндеу жұ­мысы­мен қамтуды 5 есе арттырамыз. Жұ­мыстың нәтижесінде, 25 мың шақырым өңір жолдарының нормативтік деңгейін 95%-ға дейін көтереміз. Бұл жұмыстарды атқару үшін ведомстволық нормативтерге тиісті өзгерістер қабылданды. Қазіргі уа­қыт­та стандарттарға өзгерістер енгізу жұмысы аяқталып қалды. Түсіністік бар, жергілікті органдар жұмыстарына кірісіп жатыр, – деді көлік министрі. 

Республикалық жолдарға екі рөл жүк­теліпті: біріншіден, өз өңірлеріміз арасында байланыс орнату. Екіншіден, халықаралық транзитті дамыту. Бұл ретте Қазақстанда 7 автокөлік коридоры  қалып­тасты. Өткен жы­лдары оның 4-еуі аяқталды: Қалбатау – Майқапшағай, Талдықорған – Өскемен, Атырау – Астрахань және Қарағанды – Алматы. «Бұл жолдардың жалпы ұзындығы – 2 мың шақырым. Көлік қозғалысы өсіп жатыр және кейбір дәліз шектен тыс жүк­те­мемен жұмыс істейді. Сондықтан алды­мызда жаңа жобалар бар», – деді Көлік министрі. Жаңа жоба қатарында Темір-баба – РФ шекарасы (Түрікменстан – Ресей дәлізінің бір бөлігі), Бейнеу – Сексеуіл (Транс­каспий бағытын 1 мыңдай шақырымға және жүк жеткізу мерзімін 3 күнге қыс­қартады) аталды. 

Бірақ сала мамандары жол құрылы­сын­д­ағы проблемаларды да нұсқап жүр. Мысалы, жаңа жолдарда әлі күнге асфальт-бетон жабыны қолданылады, ол тек 8 тон­наға дейінгі осьтік жүктемеге есептелген. Үлкен қарқынды қозғалысқа және аптап ыстыққа шыдамайды. Соның кесірінен, жазғы мерзімде жүк көліктерінің қозғалы­сы­на шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі. Дамыған елдерде жазда, тіпті автопойыздар жүйткіп жүреді. Қазақстан цемент-бетон жабынына көшкені жөн: ол ауыр жүктемеге төзімді. Қызмет ету мерзімі 40 жылға жетеді. Транзиттік дәліздерде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның көлік-логистикалық стратегиясы – бұл тек тасымалдың қамы емес, елдің ертеңгі бақуатты өмірінің іргетасы. Жол азапты болмаса, соның өзі – бақыт. Сол бақытқа апарар жолдың сапасы мен қауіпсіздігі бүгінгі атқарылып жатқан ауқымды істің нәтижесіне тікелей байланысты.

Айхан ШӘРІП