26 наурыз күні жаңа маусым алдында «Шахтёр» клуб құрамын ресми түрде таныстырады

Қарағандылық «Шахтёр» жаңа маусымға дайындықты жалғастырып жатыр.

Чемпионаттың басталуына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Команданың соңғы оқу-жаттығу жиыны Астанада өтуде. Ал 26 наурыз күні Қарағандыда клуб жаңа маусым алдындағы құрамын ресми түрде таныстырады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Таныстырылымға жанкүйерлер мен барлық ниет білдірушілерді шақырады.

— Бұл қызықты кездесу болмақ, оның барысында жанкүйерлер команда ойыншыларымен жақын таныса алады. Барлық мүдделі жанкүйерлермен ашық әрі еркін диалог құра аламыз деп үміттенемін. Команда алдына тек ең жоғары мақсаттар қойылып отыр, біз сол сенімді ақтауға тырысамыз. Бапкерлер штабы мен ойыншылар құрамы толық қалыптасты. Алдағы маусым оңай болмайтынын түсінеміз, өйткені командаға үлкен үміт артылып отыр. Дегенмен бәрі сәтті болады деп сенеміз, — деді «Шахтёр» футбол клубының спорт директоры Арсен Іңкәрбеков.

Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, «Шахтёр» жаңа чемпионатты сырт алаңдағы матчпен бастайды. 3 сәуір күні «кеншілер» Алматыда «Қайрат-Жастар» командасына қарсы ойнайды.

Ал 9 сәуірде қарағандылықтарды Қазақстан кубогы аясындағы кездесу күтіп тұр. Бұл матчта олардың қарсыласы Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы болады.

Біріншілік аясындағы алғашқы үй ойыны 17 сәуірге жоспарланған. Бұл күні «Шахтёр» өз алаңында Екібастұз қаласының «Екібастұз» командасын қабылдайды.