Астанада жастар Шаңырақ күні неке қиды

Салтанатты жиынның басты ерекшелігі символдық неке қию рәсімі болды.

Астанада Наурыз мейрамы қарсаңында дәстүрлі түрде атап өтілетін Шаңырақ күні аясында Сарыарқа ауданында «Отбасы ұлт қазынасы» атты іс-шара өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Салтанатты жиынның басты ерекшелігі символдық неке қию рәсімі болды. Іс-шара барысында жаңадан шаңырақ көтерген үш жас отбасы көпшілік алдында неке қию рәсімінен өтіп, бір-біріне адалдықтың белгісі ретінде жүзік алмасты. 

Бұл сәт жастар үшін ерекше толқынысқа толы, есте қаларлық маңызды кезең болды. Осылайша жас жұбайлар өзара сүйіспеншілік пен сенімге негізделген бақытты отбасылық өмірдің алғашқы қадамын жасады. Сонымен қатар, бірнеше онжылдық бойы бірге өмір сүріп келе жатқан үлгілі екі отбасы да іс-шараның құрметті қонағы ретінде қатысып, өз өмірлік тәжірибеcімен бөлісті. 

Олар берік некенің сыры – өзара құрмет, сабырлылық пен түсіністік екенін атап өтіп, жастарға ақыл-кеңесін айтты. 

«Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз мерекесі мен Шаңырақ күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шара отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған. Біздің ауданымыз әрдайым жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі жас отбасыларға махаббат, бірлік пен береке тілеймін», – деді Астана каласынын жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.