Бар мектепке – ортақ талап

Астанада «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Басқосу барысында жеке білім беру ұйымдарын қаржыландыру жүйесін реформалау, бюджет қаражатын ашық әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және саланы реттеу ісіндегі мемлекеттік органдардың рөлін арттыру мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, қауымдастықтар­дың өкілдері және бейнеконференц байланыс режимі арқылы өңірлердегі партияластар қатысты.

Сөз басында Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов елімізде жаңа Конституция қабылданғанын және аталған құжатта білім беру саласына баса назар аударылғанын атап өтті.

«Кейбір жеке мектептер сапалы салынып, заманауи технологиямен қам­тылып, оқушылар теориямен бірге тәжі­рибе алмасуына барлық жағдай жасалып отыр. Ал кейбір мектептердің тек қаңқасы ғана бар. Ондай білім ошақтары тек бюджет қаражатын алып, балалар санымен есеп беріп келді. Тіпті, оқу сапасы бірде-бір рет тексерілмеген жекеменшік мек­тептер бар. Ал мемлекеттік мектептерге барынша қатаң бақылау жүргізіледі. Сондықтан мұндай бөліп-жаруға жол беруге болмайды. Жеке мектепке де, мемлекеттік мектепке де ортақ талап қойылуы керек. Жаңа Конституцияда осы мәселе нақты айқындалды», – деді депутат.

Өз кезегінде Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов жеке білім беру ұйым­дарын қаржыландыру жүйесін реформалау барысы жөнінде баяндады.

«Кейінгі жылдары білім ошақтарын­дағы орын тапшылығы мәселесін шешу мақ­сатында елімізде жеке мектептерді қаржыландыру жұмысы жолға қойылған еді. Нәтижесінде, жеке мектептердің саны артып, мемлекеттік бюджеттің жүк­темесі де ұлғайды. Мәселен, А2 сана­тындағы мектеп құрылысына бөлінген қаржы шығыны 2020 жылы 13 млрд теңгеден, 2025 жылы 225 млрд теңгеге дейін артты. Ал инвестициялық шығын 1,6 млрд теңгеден 42,9 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, 2020-2025 жылдар аралығында мектеп құрылысына қарастырылған инвестициялық шығын 111 млрд теңгені құрады. Осы қаржыға мемлекет 35 мектеп тұрғызар еді. Соған қарамастан, мектептердегі орын тапшы­лығы мәселесі шешілген жоқ. Мәселен, 2020 жылы 164 мың оқушыға орын жетіспесе, биыл 250 мың оқушыға орын жетпей отыр», – деді депутат.

Бұл ретте «Әділет» жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы Динара Құдайқұлова жеке білім беру секторында бұзушылықтар саны өте көп екенін мәлімдеді.

«2021-2025 жылдары 160 жеке мектепте тексеру жүргізілді. Оның барысында өте көп бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, 16 млн теңге соммасына жуық айыппұл салынды. Көп жағдайда бұған жеке мектептердің ғимараты білім беру ісіне сай келмеуі, білім сапасының төмен­дігі, ұстаздар қауымының жетіспеушілігі себеп болды. Алайда аталған салаға инвести­ция құйып, ғимарат тұрғызып, көп күш са­лып жүрген адал азаматтар да аз емес», – деді ол. 

Жиын соңында кеңес төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов жаңа Конс­титуцияда қамтылған нормаларға сәй­кес, балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету ісіне баса мән беру қажет екенін атап өтті. Айта кетейік, жаңа Ата заңға сәйкес, білім, ғылым, инновацияны дамыту мәселесі мемлекет қызметінің стра­тегиялық бағыты ретінде айқындалды.

Елнар ЕЛТАЙ