Заманауи технология тренерлерін даярлайды

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының бас­тамасымен «AMANAT AI TоT» ауқымды оқыту бағдарламасы іске қосылды.

Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы, Daryn Ustaz және Қорқыт Ата атындағы университеттің қолдауымен басталған жасанды интеллект бойынша интенсивті оқыту бағдарламасы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы және «Цифрлық қоғам» партиялық жобасын іске асыру мақсатында қолға алынып отыр. 

Бағдарлама өңір жастарының цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллект технологияларын меңгерген жаңа буын көшбасшыларын қалып­тастыруға бағытталған.

Екі күнге созылатын оқыту бағдар­ламасына облыстың әр ауданынан ірік­телген 30-дан астам белсенді жас қатысуда. Жобаның негізгі мақсаты – аудан жас­тарына заманауи технологияларды үйрететін өңірлік тренерлерді даярлау.

Бағдарламаның ашылу рәсімінде сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай қатысушыларға сәттілік тілеп, партияның цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстарына тоқталып өтті. 

«Бүгінде «AMANAT» партиясы цифрландыру бағытын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырып келеді. Былтыр партия Daryn Ustaz орталығымен бірлесіп, Ustazga AI жобасын іске қосты. Бұл бастама мыңдаған мұға­лімнің жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жол ашты. «Жастар Рухы» ЖҚ өңірде бірнеше жыл қатарынан 10-11 сынып оқушылары арасында «СP Open Cup II 2024» спорттық бағдарламалау олимпиадасын ұйымдастырып, жеңім­паздарға Қорқыт Ата университетінің білім гранттарын табыс етуде. 

Ал бүгінгі «AMANAT AI ToT» бағдарла­масы – сол жұмыстың заңды жалғасы. Бұл жоба – тек білім беру алаңы ғана емес, өңірлердегі цифрлық теңсіздікті азайтып, жастарға нақты мүмкіндік беретін маңызды қадам. Екі күнде осыдан білім алған жастар ертең өз аудандарына барып, жүздеген жастың цифрлық сауатын арттыруға үлес қосатын болады. Сонымен қатар рухтастарымыз алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жастарға үйден отырып, білім алуға қолайлы жағдай жасау, ІТ саласын үйрету мақсатында META GALAM жобасын жүзеге асыр­мақ», – деді Жандос Базартай.

Салтанатты шарада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева және Daryn Ustaz педагогтердің кәсіби біліктілігін артты­ру орталығының директоры Ерлан Әбдіманап жоба тиімділігі жөнінде пікір білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Айта кету керек, «AMANAT AI TоT» бағдарламасы барысында қатысушылар генеративті жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, нейрожелілермен жұмыс істеу қағидаттарын үйренеді. Сонымен қатар ЖИ көмегімен мәтін, сурет және презентациялар дайындау, заманауи vibecoding тәсілдері арқылы бағдарлама­лау дағдыларын игеру қарастырылған. Бағдарламаның маңызды бағытының бірі – (Training of Trainers) форматы. Яғни, қатысушылар күрделі техноло­гияларды қарапайым тілмен түсіндіруді, сондай-ақ өз өңірлерінде оқыту іс-шараларын ұйымдастыру әдістерін меңгереді.

Екі күнгі оқыту қорытындысы бо­йынша, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, тегін курс берілетін болады. Алдағы уақытта олар өз аудандарында жастарға арналған оқыту курстарын өткізіп, өңірдегі цифрлық білім деңгейін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Елнар ЕЛТАЙ