Ақтөбеде жалған анықтама жасаған медбике ұсталды

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шаралары барысында қаладағы клиникалардың бірінде жалған медициналық анықтама беру кезінде медбикені қолға түсірді.

Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама рәсімдеген медбике ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шаралары барысында қаладағы клиникалардың бірінде жалған медициналық анықтама беру кезінде медбикені қолға түсірді.

Жедел мәліметке сәйкес, күдікті пайда табу мақсатында танысымен алдын ала келісіп, №075, №086 нысандарындағы анықтамалар мен санитарлық кітапшаларды заңсыз дайындау және сату схемасын ұйымдастырған.

Тексеру барысында олардың азаматтарды міндетті зертханалық және медициналық тексерулерден өткізбей-ақ жалған құжат рәсімдеп келгені анықталды. Әр анықтама үшін 5 000-нан 10 000 теңгеге дейін ақы алып отырған.

Қазіргі уақытта осындай құжаттарды сатып алған 40 азамат анықталды.

Күдіктінің жұмыс кабинетінде жүргізілген тінту барысында «Дерматолог», «Лаборатория», «Жарамады/Годен», «Реакция микропреципитации экспресс әдісімен» және «Анықтамалар үшін» деген жазуы бар жалған мөрлер тәркіленді.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.