Ұландықтар «Наурыз балының» жеңімпазын анықтады

Теміртау қаласында Ұлыстың ұлы күніне орай, жастар арасында тұңғыш рет «Наурыз балл – 2026» шарасы өтті.

Көркемдік-шығармашылық шараға жалпы қала белсенділері, университет және колледж студенттері, сондай-ақ сарбаздардан құралған 50 жұп қатысты. Бұл туралы Aikyn.kz ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Балл Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің құттықтауымен басталды. 5516 әскери бөлімнің командирі, подполковник Данияр Өсербаев аталмыш шараға құрметті қонақ ретінде шақырылды. Жұптық би сайысына республикалық байқаулардың лауреаттары, өнер қайраткерлері әділқазылық етті. Қатысушылар 1 ай көлемінде кәсіпқой хореографтардан бидің қыр-сырын үйреніп, жауапты сынға тыңғылықты дайындалды. 

Байқау күні салтанатты залдағы атмосфера ерекше болды: әсем әуен, вальс, ұлттық нақыштар және тартымды жастар. 50 жұп өздерінің би шеберлігі мен өзара үндестігін көрсетіп, көрермендерге нәзіктік пен сұлулыққа толы күй сыйлады. Сарбаздардың темірдей тәртібі, сұңғақтығы мен сымбаттылығы, бойындағы азаматтық рухтары көзге бірден көрінді. 

Байқаудың бас жүлдесі әділқазылар алқасының шешімімен 5516 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы жауынгер Ерасыл Асқар мен оның жұбы Мерей Толыбайға берілді. Көп ішінен дараланған әсем жұп “Наурыз балл — 2026" ханзадасы мен ханшайымы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұландық әскери қызметшілер қаланың қоғамдық тыныштығын сақтап қана қоймай, мәдени тыныс-тіршілігіне де белсене қатысатындарын көрсетті.