Ұлттық ұланда Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті

Көктемнің шуағымен бірге келетін Наурыз мейрамы – қазақ халқы үшін тек жыл басы ғана емес, жаңару мен жаңғырудың, ізгілік пен бірліктің белгісі.

Биыл да «Наурызнама» онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, әр күн өзіндік мазмұнмен айшықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

14 наурыз – Көрісу күнімен бастау алған мерекелік онкүндік еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Ұлттық ұланының әскери бөлімдері мен оқу орындарында кеңінен аталып өтті. Әскери ортада бұл күндер тек мерекелік шаралармен ғана емес, рухани сабақтастықпен, дәстүрге деген құрметпен ерекшеленді.

Ұлттық ұлан Академиясында Көрісу күніне орай әскери қызметшілер ұлттық дәстүрді дәріптеп, бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін білдірді. Бұл – ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықты нығайтудың жарқын көрінісі болды. Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің жауынгерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочеваның шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Бұл – аға буынға тағзым мен ұлттық дәстүрдің сабақтастығын айқындаған сәт болды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні де игі істерге толы болды. 6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тұрғындарға қажетті заттар жеткізсе, 5512 әскери бөлімінде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік көмегі көрсетілді. Сонымен қатар, Қонаев қаласында орналасқан балалар үйіне 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы арнайы барып, мерекелік көңіл күй сыйлады.  Бұл бастамалар – Наурыздың басты құндылықтарының бірі саналатын мейірім мен жанашырлықтың нақты көрінісі.

Мерекелік бастама Қарағанды қаласында да жалғасын тапты. 6505 әскери бөлімінің әскери оркестрі қарттар үйінде концерт қойып, қарияларға ерекше көңіл күй сыйлады.

16 наурыз – Шаңырақ күні аясында 6654 әскери бөлімінде мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Әскери бөлімнің жеке құрамы запастағы әскери қызметшілердің отбасыларына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Әскери қызметшілер әр шаңыраққа ақжарма тілектерін арнап, денсаулық, амандық, береке тіледі.

5574 әскери бөлімінде отбасылық құндылықтар дәріптеліп, көпбалалы әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.

17 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні өңірлерде тағылымды кештермен жалғасты. Соның бірі – 6697 әскери бөлімінің кітапханасында өткен «Әз Наурыз: дәстүр, мәдениет, тағылым» атты мерекелік шара. Кеш барысында жас өнерпаздар ұлттық әндерді нақышына келтіре орындап, күй күмбірлетіп, би билеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұл күні 5548 әскери бөлімінде де «Көшпенділер» фильмі көрсетіліп, сарбаздардың тарихи танымы кеңейтілді.

Сонымен қатар, 5451 әскери бөлімінде «Тұсаукесер» дәстүрі сахналанып, ұлттық салт-дәстүр­дің тәрбиелік мәні кеңінен насихатталды. Әскери ортада осындай дәстүрдің дәріптелуі сарбаздардың ұлттық болмысқа деген құрметін арттыра түсті.

6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де бұл күнді айрықша һөткізді. Олар «Жарапазан fest сынды ұлттық нақыштағы мерекелік бағдарламаға ат салысты.

18-наурыз Ұлттық киім күні қарсаңында 6655,5546 әскери бөлімдерінде әскери қызметшілер ұлттық нақыштағы киім киіп, халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеді. Бұл бастама – ұлттық болмысты сақтау мен оны кейінгі ұрпаққа насихаттаудың нақты үлгісі.

Жалпы, «Наурызнама» онкүндігі Ұлттық ұланның барлық өңірлерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әрбір іс-шара ұлттық рухты көтеруге, салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталды. Мұндай тағылымды шаралар әскери қызметшілердің бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып, рухани құндылықтарды нығайта түсетіні сөзсіз.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен бұл мерекелік күндер ел бірлігін бекемдеп, әр жүрекке жылулық сыйлады. Наурыз – жаңару мен үміттің бастауы ретінде халқымызбен бірге жасай бермек.

Алдағы күндерде де Ұлттық ұланда мерекелік іс-шаралар өз жалғасын табатын болады. Наурыз мейрамы аясында әр күннің өзіндік мазмұны терең мағынамен өріледі.

20 наурыз - Ұлттық спорт күні. Бұл күн - бабадан қалған ойындарды жаңғыртып, жауынгерлердің рухы мен шымырлығын шыңдайтын сәт.

21 наурыз - Ынтымақ күні. Ортақ мақсат пен өзара сенім алдыңғы орынға шығып, бірлік пен бауырмалдықтың құны арта түседі.

22 наурыз - Жыл басы. Табиғатпен бірге адамның ниеті де жаңарып, жаңа үміттер мен жарқын бастамаларға жол ашады.

23 наурыз Тазару күні. Ішкі жан дүниеден бастап, қоршаған ортаға дейін тазарып, жаңаруға бет бұратын ерекше кезең.

Бұл күндердің әрқайсысы - ұлттық рухты көтеріп, елдік құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды мереке.