Іс-шараға партияның цифрлық комиссары, Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары, «AMANAT» партиясы өңірлік филиалдарының төрағалары мен қызметкерлері, цифрландыру басқармаларының басшылары, мәслихат депутаттары және бейнеконференцбайланыс арқылы қосылған ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кеңес отырысында бейінді министрліктің қатысуымен жүзеге асырылатын «Өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің қызметіндегі цифрлық дағдылар және жасанды интеллект» атты білім беру бағдарламасы ресми түрде бастау алды.
Екатерина Смышляева жобадағы партияның негізгі рөліне тоқталды.
«Негізгі міндет – цифрлық шешімдердің күнделікті жұмыста қолданылып, нақты нәтиже беруі үшін оларды мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіне енгізуді қамтамасыз ету», – деді Екатерина Смышляева.
Оқыту Astana Hub базасында (https://edu.astanahub.com/) ұйымдастырылып, асинхронды форматта өтеді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 31 мамырға дейін өңірлік деңгейдегі қызметкерлерді жаппай оқыту жоспарланып отыр.
Бағдарлама жасанды интеллектіге негізделген қолданбалы құралдарды қамтиды. Атап айтқанда, қызметтік құжаттарды, аудармаларды, презентациялар мен хаттамаларды дайындау үшін AI-агенттерін пайдалану көзделген. Бұл күнделікті жүктемені айтарлықтай азайтып, жұмыс сапасын арттырады.
Өз кезегінде вице-министр Дмитрий Мун бағдарлама цифрлық шешімдерді іс жүзінде қолдануға бағытталғанын атап өтті.
«Біздің мақсат – жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің жұмысына қажетті нақты құралдар беру. Бүгінде мемлекеттік саясаттың тиімділігі жергілікті жерлерде ақпаратты қаншалықты тез әрі сапалы өңдейтінімізге тікелей байланысты», – деді ол.
Оқыту төрт бағытты қамтиды – ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу дағдылары, Smart Data Ukimet құралдарын пайдалану, Smart City және Smart Region тұжырымдамаларын енгізу, сондай-ақ мемлекеттік процестерді реинжинирингілеу.
Іс-шара барысында өңірлердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде геоталдау, өңірлік деректер базасын құру және заманауи шешімдерді қолдана отырып, ақпаратты цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ұлттық жасанды интеллект платформасы заманауи тілдік модельдерді пайдалана отырып, қорғалған ортада жұмыс істейді. Бұл деректердің қауіпсіздігі мен нақтылығының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Оқыту корпоративтік пошта домендері арқылы қатысушыларды міндетті түрде верификациялау арқылы жүргізіледі. Ал курс аяқталғаннан кейін қатысушылар электрондық сертификаттар алады. Қатысушылармен кері байланыс орнату және оларды сүйемелдеу үшін бейінді министрліктің ресми ресурстары арқылы цифрлық байланыс арналары қарастырылған.
Кеңес қорытындысы бойынша, қатысушылар «AMANAT» партиясының қолдауымен білім беру платформасын іске асыру өңірлердегі цифрлық құзыретті дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру ісінде маңызды қадам болатынын атап өтті.
Елнар ЕЛТАЙ