Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында атап өткендей, Алатауға ерекше мәртебе беру қаланы да, ел ауқымында да барлық бағытта дамыту үшін қажетті шара болып табылады. Осыған байланысты жеке заңда қаланы басқару режимі, қаржылық модельдер және басқа да маңызды аспектілері белгіленеді.
Мұнда ерекше салық және бюджет жағдайларын қолдану, цифрлық активтердің айналымын реттеу, пилотсыз технологияларды дамыту және халықаралық стандарттарды енгізу туралы айтып отырмыз. Негізгі жаңалықтарда сонымен қатар инвестицияларды қорғау және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары қамтылған.
Құжатты депутаттарға таныстырған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделгенін айтты. Оның негізгі мақсаты – Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау.
– Жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикасын жылдамдату үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимін Конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген. Осыған сәйкес Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Қаланы басқару жүйесіне тоқталған Қанат Бозымбаев жаңа мемлекеттік орган – Alatau City Authority құрылатынын жеткізді. Қызметі стратегиялық даму қағидатына негізделетін бұл органның жұмысын Премьер-министр басқаратын Кеңес айқындайды, ал ағымдағы жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдап, әкімшілік актілерді бекітеді. Өз кезегінде әкімдік пен мәслихат әлеуметтік, коммуналдық және қоғамдық мәселелерге жауап береді.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, Алатауда салықтық жеңілдіктер жүйесі қалыптастырылып, бизнесті реттеу, инвесторларды тарту тетіктері мен инвестициялық дауларды шешуді қамтитын толыққанды экожүйе құрылады. Сонымен қатар қаланың дамуы Digital by default қағидатына негізделеді, яғни барлық негізгі басқару процестері цифрлық форматта жүзеге асырылады.
Салықтық преференциялар тек жаңа инвестициялық жобаларға, қаланың басым даму секторларына сәйкес беріледі. Барлық жеңілдіктер мен инвесторлардың міндеттемелері ашық түрде жарияланады.
Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасып, негізінен инфрақұрылымды дамыту мен ұзақмерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Ал қаланың жергілікті бюджеті ағымдағы және әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Қала өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін оның қаражатын басқа бюджеттерге алу қарастырылмайды.
Сонымен қатар заң жобасы инвестициялық келісімдердің тұрақтылығын, арнайы құқықтық режимнің басымдығын және лицензиялаудың жеке тәртібін бекітеді. «Бір терезе» қағидаты бойынша тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі, ал инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Оларды жүзеге асыру шамамен 30 мың жұмыс орнын ашуға жол ашып, Алатауды ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытуға негіз болады.
Қала дамуы стратегиялық құжаттар негізінде жүзеге асырылады, бұл – 30 жылдық ұзақмерзімді жоспар, сондай-ақ 15 жылдық стратегия мен мастер-жоспар. Инвесторлар үшін тұрақтылықты сақтау мақсатында бұл құжаттарға өзгерістер сәйкесінше 10 және 5 жылда бір реттен жиі енгізілмейді.
Жер қатынастары арнайы режим арқылы реттеледі. Қаланың жер қоры құрылып, ол стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралына айналады. Жер учаскелері инвесторларға бизнес-лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі, ал пайдалану шарттары нақты инвестициялық міндеттемелермен тікелей байланысты болады.
Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов депутаттардан 527 ұсыныс түскенін айтты.
Оның айтуынша, түзетулер Конституцияның жаңа нормаларына сәйкестендіруге, Алатау қаласының жұмыс істеу қағидаттарын нақтылауға, әкімшілік мәртебесін айқындауға, цифрлық өзара іс-қимылды күшейтуге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
– Сонымен қатар Бас атқарушы директордың және әкімшілік қызметкерлерінің, қала әкімінің және оның орынбасарларының жауапкершілігін енгізу, сондай-ақ бюджеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылауды күшейту және әкімшіліктің бюджет орындалуы туралы жыл сайын есеп беруін қамтамасыз ету ұсынылады, – деді Нұртай Сабильянов.
Заң жобасына Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Азат Перуашев, сондай-ақ сенаторлар Әлібек Нәутиев пен Бекбол Орынбасаров қолдау білдірді.
Сенат депутаты Серік Шайдаров заң жобасын талқылау барысында жобаны іске асыруға дұрыс көзқараспен қараған кезде Alatau City бүкіл өңірдің экономикасын қайта жандандыруға қабілетті қуатты хаб бола алатынын атап өтті. Дегенмен барлық ерекшеліктерді ескеру және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу және одан сабақ алу аса маңызды.
– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл капиталды тарту үшін теңдесі жоқ жағдайлар жасауды, прогрессивті реттеуші режим орнатуды, озық инновациялық шешімдерді енгізуді, өмірдің барлық саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалануды білдіреді деп атап өтті. Осыған байланысты жобаны жүйелі әрі тиімді іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін барлық факторларды ескеру қажет. Бұл – аса маңызды міндет, – деді ол.
Талқылау барысында депутаттар әкімшілік актілер арқылы экономиканың барлық салаларын реттеу қолданыстағы заңнамамен қалай үйлестірілетіні жөнінде, арнайы құқықтық режим аясында шетелдік инвесторлардың жерді пайдалану тәртібі қалай ұйымдастырылатыны туралы бірқатар сұрақтар қойды. Сонымен қатар олар қаладағы ғимараттарды салу тетіктеріне ерекше назар аударды. Алатау резиденттерінің салық жеңілдіктерінің ашықтығы мен олардың халықаралық озық тәжірибеге сәйкес болуы талқыланды. Сондай-ақ депутаттар білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ортақ стандарттардың қаншалықты сақталатынын нақтылады.
Талқылау қорытындысы бойынша, депутаттар «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Барлық ұсыныстар мен түзетулер Нұртай Сабильянов төрағалық ететін бірлескен комиссияда қаралатын болады.
Сонымен қатар Парламент палаталарының бірлескен отырысында екінші оқылымды өткізу 27 наурызға жоспарлануда. Заң жобасын наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысының қарауына енгізу көзделіп отыр.
М.ТӨЛЕУ