Мәселен, Ақмола облысы Атбасар қаласындағы Жеңіс саябағында «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері экологиялық акция өткізді. Олар саябақ аумағын қоқыстан тазартып, қоғамдық кеңістікті ретке келтірді. Осылайша, жастар қанатының белсенділері партиялық жобаларға белсенді атсалысып, өңір дамуына өз үлестерін қосуда.
Ал Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы «Таза бейсенбі» акциясын ұйымдастырып, аулаларды қар мен мұздан тазалау жұмысын жүргізді. Іс-шараға белсенді жастар, қалалық мәслихат депутаттары және партия мүшелері қатысты.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданында өткен экологиялық акцияға жергілікті тұрғындар, «Көкжар-Керуен» және «Жібек Жолы» бастауыш партия ұйымдарының 40-тан астам мүшесі жұмылды.
Атырау облысы Махамбет ауданы Махамбет ауылындағы орталық алаңда аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен ағаш егіліп, аумақты көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Табиғатты аялауға бағытталған іс-шараға бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары және белсенді жастар қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Алматы қаласы Медеу ауданындағы №33 мектеп-лицейінің аумағында ұйымдастырылған акцияға білім ошағының ұжымы, еріктілер және аудан тұрғындары қатысты. Оның барысында мектеп пен оған іргелес аумақтар тазаланып, қоршаған орта ретке келтірілді.
Басты мақсат – тұрғындардың бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және тазалық сақтау дағдысын нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қоғамның барлық мүшесін ортақ іске жұмылдырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді.
Шымкент қаласы Тұран ауданында 100-ге жуық адам қатысқан экологиялық акция ұйымдастырылды. Олардың арасында «AMANAT» партиясының қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, сондай-ақ коммуналдық қызмет мекемесінің жұмысшылары бар.
Акцияға қатысушылар А.Байтұрсынов көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тазалады. Олар тұрмыстық қалдықтарды жинап, қураған және бейберекет өскен ағаштарды отап, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Сондай-ақ көгалдандыру мәселесіне де ерекше мән беріліп, 60-қа жуық ағаш егілді.
Жетісу облысы Талдықорған қаласында облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының филиалы Ардагерлер саябағы аумағында акция ұйымдастырып, оған Сервис және технология колледжінің білім алушылары да белсенді атсалысты. Іс-шара барысында қатысушылар саябақ аумағын тазалады. Олар қоқыс жинап, бұлақ көзін ашып, оның айналасын ретке келтірді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында партия қызметкерлері қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған акция ұйымдастырды. Оған Қарқаралы қалалық мәслихатының төрағасы Саят Оспанов, «AMANAT» партиясы Қарқаралы аудандық филиалының төрағасы Абылай Рымхан, партия белсенділері және қала тұрғындары қатысты. Жалпы іс-шараға 20-ға жуық белсенді жұмылды.
Оның барысында қатысушылар Т.Әубәкіров көшесінде орналасқан сквер аумағындағы қар мен тұрмыстық қалдықтарды тазалады. Жұмысты жеделдету және қар шығару мақсатында арнайы техника тартылды.
Қостанай облысы Науырзым ауданы Қарамеңді ауылында тазалық жұмысы жүргізілді. Ауыл көшелерінде арнайы техниканың көмегімен қар тазаланып, суағарлар аршылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы мен қоғамдық орындар да ретке келтірілді. Бұл жұмыс көктемгі су тасқынының алдын алу, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Тазалық жұмысына жауапты мекемелердің қызметкерлері мен арнайы техникалар жұмылдырылды. Іс-шараға қатысушылар ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосып, ортақ іске белсенді атсалысты.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында «AMANAT» партиясының мүшелері «Шұғыла» бастауыш партия ұйымына қарасты №5 мектеп-гимназия ауласына ағаш егіп, аумақты тазалау жұмысын жүргізді.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданында экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, партия мүшелері және аудан тұрғындары белсенді атсалысты. Оның барысында «Достық» саябағы аумағында қар тазаланып, аудан орталығындағы су ағатын арықтар аршылды. Бұл жұмыс еріген қар суының кедергісіз ағуын қамтамасыз етіп, су басу қаупін азайтуға ықпал етеді. Айта кетейік, өңірде су тасқынының алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі бағыттың бірі – аумақтарды қар мен мұздан уақытылы тазарту және су бұру жүйелерін ретке келтіру.
Сонымен қатар аудан орталығында еріген қар суын бұруға арналған арықтарды тазалау жұмысы қолға алынды. Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары су тасқыны қаупін азайтып, елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады.
Түркістан облысы Шардара ауданы Ұзын ата ауылдық округінде орналасқан Ұзын ата кесенесі аумағында тазалық жұмысы жүргізілді. Оны партияның Шардара аудандық филиалы ұйымдастырды. Игі іс-шараға партия белсенділері, мәслихат депутаттары, «Ұзын ата» бастауыш партия ұйымының белсенділері және ерікті жастар қатысты.
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары, еріктілер және Оқушылар сарайының қызметкерлері «Таза бейсенбі» акциясына белсенді атсалысты. Олар аулалар мен қоғамдық орындарды тазалап, қоқыс жинады.
Елнар ЕЛТАЙ