Ғасырлар бойы тойланып, ұлтымыздың ұлық мерекесі саналған – Ұлыстың ұлы күні ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күні ынтымақ-бірліктің мейрамына айналды. Сондай-ақ Наурыз – мейрам ғана емес, қазақтың мәдениеті мен тарихын, ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұрпаққа өнеге ретінде сіңіретін, дәріптейтін, насихаттайтын тәрбиелік мәнге де ие.
2021 жылы елімізде Наурыз мейрамы тұжырымдамасы бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «...Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – деп, Наурыз мейрамының жаңа сипаты мен мазмұнын айрықша атап өткен болатын.
Осы тұжырымдамада Наурызды он күн тойлау жобасы жасалды. Ресми мерекелік күндер – наурыздың 21-і, 22-і, 23-і. Ал наурыздың 14-нен бастап Ұлыстың ұлы күніне әзірлік күні әрі ұлттық мұрамызды дәріптеу жолы ретінде түрлі шаралар ұйымдастырылатын нақты он күн таңдалды. Тұжырымдамаға сәйкес әр күнге өзіндік мағына мен мазмұн, сән мен салтанат, ынтымақ-ырыс жасырылды.
Ұлы далада ен жайлап, бақ қонып, Қыдыр дарыған қазақ үшін Наурыз мейрамының ырыс-берекесі, дәні мен дәмі – наурызкөже болса, сән-салтанаты мен мәдениеті – ұлттық өнер мен ұлттық бұйымдар, ою-өрнегі астасқан ұлттық киімдер десек, мәні мен мазмұны – ән мен күйі, ұлттық салт-дәстүрі, ұлттық ойындары. Ұлыстың ұлы күнінде халық үйде отырмайды, далаға, көкке шығады, бой көтереді, барлық адамға құтты болсын айтады, шат-шадыманға араласады. Наурыз жырын айтады. Наурыз айы туғанда бабалар салты жаңғырып, халқымыздың рухы түлеп, арман-мұраты, мәдениеті мен әдет-ғұрпы асқақ ән-әуенімен астасып, шырқау көкте әуелеп, ерекше шаттықпен тамылжи шырқалады. Әсіресе, наурыз әуенін ыңылдап айта бастаған әрбір қазақ үшін «...Наурыз айы туғанда, той болушы еді, бұл маңда...» деп басталатын әнінің әуезі асқақ, бағы артық. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған осы – «Наурыз-думан» әні халық арасында кеңінен таралып, қазақы өмір салт пен халықтың тіршілік тынысын, мінезі мен мерекелік көңіл күйін дөп баса алғанымен ерекше.
Ұлыстың ұлы күнінің тарихы мен тағылымына үңілгенде 1926 жылға дейін тойланып келген думанды мерекеге ескіліктің, діннің насихатшысы деген желеумен тыйым салғанын көреміз. Бірақ ел ішінде жасырын тойланып, халық жадында сақталып, ұлт рухымен бірге жаңғырып, мәңгі жасарып келе жатқан мейрамымыз 1988 жылы Алматы қаласында жалпыхалықтық мереке ретінде қайтадан ашық тойлана бастады. Осы жылдары алғаш рет сахнада шырқалған «Наурыз-думан» әні халықтың рухына дем беріп, тыңдаушының құлақ құрышын қандырғаны рас. Әннің тұңғыш тұсауын кесіп, бірінші рет сахнада орындаған Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева думанды әннің туу тарихы туралы айтып берді.
– «Наурыз-думан» әнінің музыкасын композитор Талғат Сарыбаев жазды, өлең-сөзін Мұқағали Мақатаевтың кітабынан алғанбыз. Мен ақынның «Наурыз-думан» өлеңіне ән жазып беруін өтініп, Талғат Сарыбаевқа бардым. Өзімнің болашақ туындыны қалай көріп тұрғанымды сөзбен суреттеп бердім. Композитор ойымды бірден түсінді. Мен қалаған мінез бен стильде ән жазды.
Көктемнің шуақты сәттері, наурыздың ерекшелігі мен қазақтың дарқан пейілін беретін ұлттық рухтағы жақсы бір әннің тууында музыканың білікті маманы жолдасым Тасқын Оқаповтың да үлесі бар. Өзі режиссер, өзі композитор, өзі ән өңдеуші болатын. Жаңа туындыны бірден ұнатты. Содан «Наурыз-думанды» тұтас композицияға айналдыруды ұсынды. Ойдан ой, пікірден пікір туа келе, Тасқынның ұсынысымен әннің ортасына атақты «Шернияз» күйін қостық. Әннің ұлттық бояуы қалыңдап, тынысы кеңіп, қазақтың нағыз болмысын, қонақжай да дарқан пейілін көз алдыңызға келтіретін әнмен тыңдарман осылайша қауышты, – деп еске алды әнші.
Роза Қуанышқызының айтуынша, «Наурыз-думан» әні бүкіл мерекемізге ерекше көңіл күй, ерекше әсер қосты, халықтың мерейін көтерді, нағыз қазақтың тойын мерекесін жырлайтын ән болды.
– 1988 жылы Наурыз мейрамының алғаш тойлана бастаған кезі болатын. «Наурыз-думанды» ұлттық құндылық, дәстүр-дағдыға шөліркеп жүрген халық бірден жылы қабылдады. Ауыздан ауызға көшіп, ел арасына тез тарап кетті. Міне, содан бері де 30 жыл уақыт өтті, бірақ ән ескірген жоқ. Әз Наурызбен бірге жаңаша түлеп, әр көктем сайын халық сүйікті әнімен сағына қауышады. «Наурыз-думанды» талай шет елде де орындадым. Әлемнің қай бұрышында бармайын, шығарма өте жақсы қабылданды. Толассыз қошемет-құрметке ие болды. Үлкендер алғыс айтып, батасын берді. Бұл – әннің өміршеңдігі. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев пен дарынды композитор Талғат Сарыбаевтың кәсіби биік талғамының жемісі. Қаншама жыл өтті, бұл ән әр наурыз сайын бүкіл қазақтың сүйікті әніне айналды. Репертуарымда осындай әнімнің барына бақыттымын. Мен өте бақытты әншімін, – дей келе, Роза апамыз оқырманды Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Жылдан жылға Наурызға аман-есен жетіп, тек қана жақсылықта дастарханымыз қуанышқа жайылып, бір-бірімізге тек жақсылық тілеп өмір сүрейік. Жаңа жылымыз жаңа күніміз – жылдың басы Наурыз мерекесі қазақ халқына қуаныш, береке-бірлік әкелсін, – деді халық әртісі.
Қазақтың музыкалық мәдениетінде ән мен күй тек өнер ғана емес, халықтың өмір салтының, дүниетанымының, пайым-парасатының өлшемі, арман-мұратының жаршысы саналады. Халық арасында кеңінен шырқалып, танымал болған Наурыз туралы әндердің қай-қайсысын алсақ та ел мен жердің біртұтастығы мен бірлік-берекесін жырлайды. Соңғы жылдары дәстүрлі әуендер заманауи форматпен үндесіп, мерекелік тың үн мен мазмұн тудыруда. «Армысың, әз-Наурыз!», «Көктем келді», «Әз-Наурыз құтты болсын!», «Наурыз мейрамы», «Наурыз келді», «Ерке Наурыз» сияқты туындылар ұлттың рухы, табиғаттың жаңаруы, халықтың бірлігі секілді терең мазмұн, қарапайым мәтін және көңілді әуенімен жанды жадыратады. Сонымен қатар флешмобтарға арналған әндер де көбейді. Мұндай композициялар көпшілік орындауға ыңғайлы, ырғақты болуымен қатар қазақ музыка мәдениетінің жаңа кезеңін қалыптастырып келеді. Мәселен, әнші Алтынай Жорабаева орындайтын «Наурыз көктем» жыры:
– Келді көктемім
Гүлдер бүршігін жарып,
Келді көктемім
Жаңа бір үміт алып,
Қуанып жасымыз да, кәріміз де
Саламыз шаттық әнге бәріміз де... – деп әннің де, көктем мезгілінің де табиғатын аша түссе, әнші Тамара Асар мен «Жігіттер» тобы «Наурыз – Амал» әнімен:
– Наурыз, наурыз тіршіліктің бастауы
Наурыз, наурыз ақ арманның асқағы
Наурыз наурыз салт дәстүрім жаңғырған
Наурыз наурыз қазағымның аспаны... – деп мерекелік көңіл күйдің шадыман шат-тығын жырға қосады.
Арман-мұратын ән қанатына байлап, даласын жырмен тербеп, күймен әлдилеген қазақ үшін Наурыз әуені тек мерекелік фон емес – ұлттық мәдениеттің мәйегі десек болады. Ал қазақ топырағына табан тіреген кез келген адам үшін «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» әсер қалдыратынының сыры мен тылсымы – әуезді ана тілі мен бауырластық-татулықты ту еткен қазақтың жанына байлаулы болса керек.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ