Отарлаушы саясат халық жадындағы тамыры тым тереңде екенін түсініп, оны тойлауға барынша тұсау салды, ұлттық санадан мүлдем өшіріп тастауға күш салды. Алайда тарихтың қыспақты кезеңдерінде қазақ зиялылары Наурызды ақтап алу жолында аянып қалған жоқ. Олар бұл мейрамды ел рухын асқақтатудың, ұлттық намысты оятудың басты құралына айналдырды.
Жыл басы – жаңарған дүние бастауы
Бүкіл түркі жұртының да ортақ мұрасы, рухани қазынасы саналатын Наурыз мерекесі уақыт керуенінде әр халықтың өзіндік тұрмыстық бояуымен қаныға түсті. Бүгінде әр халық бұл ұлы күнді өз болмысына, ата-бабадан қалған салт-дәстүрі мен тіршілік тынысына сай түлетіп жатыр. Қазақ халқы мейрамды төл шаруашылығы мен кең сахарасының заңдылықтарына негізделген бірегей жүйе ретінде қалыптастырды. Далалық дүниетанымына лайықтап, ұлттық нақышпен көмкерді.
Наурыздың қазақ қоғамындағы орны мен тарихи салмағы ұлт арыстарының қолтаңбасы қалған құнды жәдігерлерден де айқын көрінеді. Бабаларымыз бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» немесе «Ұлыс күні» деп қастерлеген. Хәкім Абай «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген әңгімесінде: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп сипаттайды.
Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы бұл атаудың төркініне үңіліп, оның «жаңа күн» деген мағынасын аша түседі: «Ескі қазақта Жаңа жыл күнінің аты – Ұлыс. ...Жыл басының аты Ұлыс екенінің дәлелі мынау: «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар», – деген тіпті ескі, есті мақал».
Алаш арыстары үшін Наурыз – тек күнтізбелік меже емес, түркі жұртының бірлігі мен мәдениетін айқындайтын биік мұрат еді. Сондықтан да олар әрбір Жаңа күн туғанда ұлттық сананы оятарлық салиқалы ойларын ортаға салып, елдің қуанышына ортақтаса білді. Тіпті, 1926 жылы кеңестік саясаттың ызғарлы қаулысымен Наурызға «діни сарқыншақ» деген жала жабылып, ресми түрде тұсау салынғанда, ұлт зиялылары идеологиялық қыспақ пен қатал жазаға қарамастан, бұл шешімге барынша қарсыласып, мереке рухынан ажырамады.
Олар ұлттық болмыстың өзегі Наурыз тақырыбын қалам қуатымен қорғап, қасиетті мерекені халық жадынан өшір-меу үшін аянып қалмады. Олар үшін әз-Наурыз – саясаттан биік, уақыттан үстем ұлт жанының ажырамас бөлшегі еді. Сондықтан Жаңа күн туғанда Алаш зиялылары ұлттық мерекенің терең мәнін ашып, халықтың еңсесін тіктейтін отты лебіздерімен құттықтау жолдауды игі дәстүрге айналдырды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мерекенің табиғи һәм әлеуметтік сипатын былайша кестелеген: «Жаңа жылымыз – ...шын мағынасында Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп, көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез». Қазақтың көктемді жыл басы деп тануы – жаратылыстың жүйесін дөп басқан көрегендігінің, ғылыми өріс-өркенінің кеңдігінің белгісі.
Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылғы 22 наурызда «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Наурыз» атты мақаласында әз-Наурыздың құндылықтарын дәріптейді.
«Жаңа жыл – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Бұл – күн мен түн теңелген кез. Күн мен түн теңелген соң, күн ұзарып, жылылық көбейеді. Жер жібиді, мал төлдейді, елдің аузы аққа тиеді. Қыс бойы ақ қар, көк мұздың астында жатқан жердің тынысы кеңейеді. Осының бәрі – шаруаның қуанышы. Наурыз күні ескі кек, ескі араздық ұмытылады. Ағайын-туған араласып, бір-біріне жақсы тілек тілейді. Бұл күні ренжуге болмайды. Бұл күні араздасқандар табысады. Осының бәрі ел ішіндегі ынтымақты, бірлікті нығайтады. Қазақ халқы үшін бұл күн – жаңа жылдың басы. Наурызды мейрамдау – елдіктің белгісі», – дейді Алаш қайраткері.
Ұлт ұстыны – дәстүр сабақтастығы
Бейімбет Майлин Наурызды тойлауға ресми тыйым салынса да, 1926 жылы – «Наурыз күні» өлеңін, 1927 жылы – «Наурыз тілегі» өлеңін, 1928 жылы «Жаңа тілек» өлеңін жазған.
– «Қазақ» газеті шығып тұрғанда (1913-1918) жыл сайын 9 наурызда (ескі Юлиан күнтізбесі бойынша күн мен түн осы күні теңеледі, жаңа Григориан күнтізбесінде 22 наурызға сәйкес келген) газеттің бас айдарын Наурыз тақырыбына арнап отырды. 9 наурызда жарияланатын редакциялық құттықтау мақалаларының авторлары қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы болды. «Мадияр» есімінен Міржақып Дулатұлы «Қош келдің, Наурыз!» атты жазбасын «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №75 санында жариялаған, – дейді этнограф Тәттігүл Картаева.
Бұл еңбектерде ұлттық думанның тек сыртқы көрінісі емес, оның ішкі рухани қабаты, атап айтқанда, татулық символы – «Көрісу» ғұрпының терең астары, әз-Наурызда айтылған «Жасың құтты болсын!» деген ақ тілектің мән-мағынасы ашылады. Сондай-ақ Наурыз көжедегі «қызыл» (ет) мен «ақтың» (сүт) астасуы – ескі жылмен қоштасу мен жаңа тіршілікті қарсы алудың киелі нышаны екенін осы жазбалар арқылы тани түсеміз. Наурыз көжедегі әрбір дәмнің құрамы көшпелі жұрттың шаруашылық танымы мен жаратылыс заңының ғажайып үндестігі екені осы мұраларда нақпа-нақ айқындалған.
Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді. «Жасың құтты болсын!» – деп құттықтау осы күнге еш өзгеріссіз жеткен. Аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі, осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл қайта туылғанда, сол туылған күнді құттықтап, қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау – әр адамның міндеті», – деп жазуының себебі осы.
Байырғы қазақтар «Жаңа жыл» сөзін Наурызға байланысты қолданған. Сәкен Сейфуллин 1917 жылы жазған «Жаңа жыл» шығармасында: «Жаңа жылды қарсы ап тұр, Кәрі жас та, бала да», – деуі қазақтардың Наурызға «Жаңа жыл» атауын қоса қолданғанын нақтылай түседі.
Әлихан Бөкейхан («Қыр баласы») «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санында Наурыз мерекесіне орай жариялаған «Жаңа жыл» мақаласында бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан келіп, күнтізбелік есептің дәлдігін негіздеген. Қолданыстағы Юлиан мен әлі енбеген Григориан күнтізбелері арасындағы 13 күндік айырмашылықты талдап, Шығыстың Жаңа жылының 9 наурызға сәйкес келуін түсіндіруді мақсат етті: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, Жаңа жылдың басы… Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-шы март болады», – деп тұжырымдады Әлихан Нұрмұхамедұлы.
Наурыз көже: береке мен бірліктің дәмі
Наурыз көже – бұл жай тағам емес, ол шаруашылық пен руханияттың тоғысқан нүктесі. Алаш зиялыларының деректеріне сүйенсек, бұл күні, яғни әз-Наурызда қан төгілмейді, жаңа мал сойылмайды: мұны «пышақ қандамау» салты дейді. Тек соғымнан сақталған малдың басы қазанға түскен. Бұл – қыспен қоштасу мен жазды қарсы алудың символы.
Бүгінде Наурыз туғанда киіз үй құрып, жағалай мал сойып, қазан асу үйреншікті жайтқа айналған. Ал бабалар салтының жөні бөлек еді. Мәшһүр Жүсіп «Наурыз» жазбасында: «Байырғы қазақ қоғамында «Наурызнама» жасауға шамасы келмегендер, жалғыз қой сойса да Наурыз күні ауылға дәм таттырам деп қамданған», – дегенде Наурызға дейінгі сойылған мал жайында айтылғанын аңғару қиын емес.
Тіске қатты болғанымен, қадірлі қонағына сүрленген ет ұсынылған, бұл сол үшін сақталған сыбағадай болған. Тек ауқатты, берекелі отбасылар соғымын тауыса жеп қоймаған. Наурыз қарсаңында мал сою негізінен кедей-кепшіктің еншісінде болыпты. Мұның сыртында Наурыз мал төлдейтін уақытқа тұспа-түс келетіндіктен, бұл уақытта шаруақор қазақ малдың басын кесуді обал санаған. Яғни, мұнда наным-сенім ғана емес, экономикалық прагматизм де бар. Наурыз көженің тек сүр еттің сорпасына пісіріліп, оған жаңа жылдың уыз сүтінің қосылуы – өткен жылдың ырыздығы мен келер күннің несібесін жалғаған қазақ әлемінің әсем нышаны іспеттес әрі далалық мал шаруашылығы мен жаратылыс заңының ғажайып үндестігін паш етеді.
Мағжан Жұмабаев «Жаңа мектеп» журналында жариялаған «Наурыз» мақаласында бұл ғұрыпты былай түсіндіреді: «Жаңа жыл күні қазақ әдетінше әр үйде қазан-қазан көже пісіреді. Көженің ішіне қысқы соғымның тек басы салынады. Көжеге көп сүт құйылады. Басты шекені қарттар мүжіп, құлақты балаларға кесіп беріп, басқа жұрттар көжені талап ішеді… Бұл көже ішу (сүт құйған) – келе жатқан жазбен ұшырасып, қарсы алып, ас ішу ретінен аққа (сүтке) көшу. Көжеге тек бас салып асып жеу – қарлы қыспен, қыс тамағы етпен (қызылмен) қоштасу», – деп түсіндіріп кеткен.
Наурыз – ғылым мен таным мерекесі
Көне түркі мен қазақ үшін Наурыз тек той-томалақ емес, табиғат құбылыстарын бақылаудың ғылыми тұжырымы болды. «Қазақ» газетінің «Наурыз құтты болсын!» редакциялық құттықтауында бұл мерекенің нағыз жыл басы екені ғылыми дәйектеледі: «9-шы мартта түн мен күн теңеледі. Күн ұзарып жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны – жазға айналғаны. Сондықтан 9-шы март жаз басы болып табылады» (1914, №53). Қорыта келе, Мағжан Жұмабаев: «Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға игі іс жасайтын мейрам ету керек», – деп ой түйеді.
Сәкен Сейфуллин 1917 жылы 22 наурыз күні қазақ халқына жолдаған құттықтау сөзінде: «Ескі жыл өтіп Жаңа жыл, жаңа жаз келді», – деп, Наурыздағы табиғаттың жаңаруын, халықтық белсенді тіршілігінің басталғанын, ел экономикасының жанданғанын меңзейді.
Әлемнің шын мәніндегі түлеп, жаңғыруы – әз-Наурыз мейрамымен тікелей сабақтас. Түп тарихқа үңілсек, өзге халықтар да ерте заманда көктем шуағын жыл басы деп таныған. Мәселен, ағылшын жұрты XVIII ғасырдың ортасына дейін Жаңа жылды 26 наурызда қарсы алса, көршілес Ресей христиандықты қабылдағанға дейін жыл басын 1 наурыздан бастаған. Ал қазақ халқы үшін Жаңа жылдың көктеммен бірге келуі – ежелден қалыптасқан жаратылыс заңы.
Ұлт зиялыларының пайымдауынша, күн мен түн теңесетін бұл киелі мезгілде қазақ елі қоғамдық қатынастарды да жаңартуға күш салған. Ел тізгінін ұстаған хан, сұлтандардан бастап, ауыл ақсақалдарына дейін ат құйрығын кесісіп, араздасқанды бір дастарқан басында табыстырған. Сөйтіп, Наурыз далалық «медиация институтын» қалыптастырған. Жетім-жесірлерді ел болып үйлендіріп, жеке отау тігіп берген. Кембағал, мүгедек жандарға шешқақпай жасамай, ауылы әлеуметтік қорған болған. Жаза басып, жаман жолға түскендерді ел талқысына салып, түзу жолға нұсқаған. Осынау парасатты құндылықтар бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ, қайта қоғам үшін көкейкесті бола түсті.
Бүгінде Наурыз – тек байырғы дәстүр емес, жаңа қоғамды сауықтыру тетігі. Бұл күндері табиғат қана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынас та жаңаруға тиіс. Қорыта айтқанда, Наурыз – біздің ұлттық бір діңгегіміз, Алаш арыстары аманат еткен рухтың символы. Оны ұлықтау – елдіктің, ал сақтау – бірліктің белгісі.
Айхан ШӘРІП