18 жастағы Әмір Омарханов Тунисте өткен ересектер турнирінің жеңімпазы атанды

Бұл – Әмір Омархановтың ересектер деңгейіндегі жекелей сындағы екінші титулы

Әмір Омарханов Тунистің Монастир қаласында өткен ересектер арасындағы турнирде чемпион атанды. Финалда ол түркиялық Мерт Алкаяны (ATP №382) 7:5, 1:6, 7:5 есебімен жеңді.

Қазақстандық теннисші жарысты іріктеу кезеңінен бастап, бір апта ішінде қатарынан сегіз матчта жеңіске жетті. Сонымен қатар жұптық сында жартылай финалға дейін жетті.

Бұл – Әмір Омархановтың ересектер деңгейіндегі жекелей сындағы екінші титулы. Бұған дейін ол 2025 жылдың қарашасында Тунисте өткен ITF M15 турнирінде топ жарған болатын. Дүйсенбі күні ол ATP рейтингінде рекордтық 602-орынға көтеріледі.

Жасөспірімдер арасындағы жетістіктері де жоғары: ITF рейтингінде 4-орын, «Ролан Гарроста» жұптық сында жартылай финал, ал Australian Open турнирінде жекелей сында ширек финалға дейін жеткен.