Орта салмақтағы WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамес (25-1-1, 18 КО) титулын сенімді қорғады. Ол америкалық Остин «Аммо» Уильямсты (20-2, 13 КО) екінші раундта нокдаунға түсіріп, жекпе-жек бойы толық басымдық танытты.
Төрешілердің қорытынды есебі: 118-108, 117-109 және 117-109.
Айта кетейік, WBC нұсқасы бойынша ресми үміткер ретінде бір жылдан астам уақыттан бері 32 жастағы қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) тіркелген. Алайда ол соңғы рет 2023 жылдың қарашасында жекпе-жек өткізіп, содан бері рингке шықпаған.
2025 жылдың сәуірінде WBC Адамес – Нұрсұлтанов жекпе-жегін тағайындап, келіссөздерге қосымша уақыт берген. Сол кезде Нұрсұлтанов АҚШ визасын екі рет ала алмағанын айтқан. Ал алғашқы келіссөздер 2024 жылдың желтоқсанында басталған.