«Ақшаны не үшін шешіп жатырсыз?» Енді банктен қаражат алу үшін түсініктеме беруіңіз мүмкін

Жаңа тәртіпке сәйкес, кәсіпкерлер алдын ала өтініш беріп, қандай мақсатта ақша алатынын көрсетуі тиіс

Қазақстанда қолма-қол ақшаға қатысты жаңа талаптар енгізіліп, банктен ірі көлемде қаражат шешу бұрынғыдай еркін процесс болмай қалды. Енді кей жағдайларда клиенттен ақшаны не мақсатта алып жатқанын түсіндіру талап етіледі.

Бұл өзгерістер әсіресе кәсіпкерлерге қатысты. Егер белгіленген лимиттен артық сома шешілсе, банк қаражаттың мақсатын нақтылап, тиісті құжаттарды сұратады. Одан кейін бұл мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына жолданады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, кәсіпкерлер алдын ала өтініш беріп, қандай мақсатта ақша алатынын көрсетуі тиіс. Бұл жалақы төлеу, тауар алу, қызмет көрсету, жалға алу немесе басқа да шығындар болуы мүмкін. Салық органдары осы ақпарат негізінде тәуекелдерді бағалап, шешім шығарады.

Егер үш жұмыс күні ішінде жауап келмесе, банк ақшаны беруге құқылы. Ал жауап келген жағдайда, қаражатты беру сол қорытындыға байланысты шешіледі.

Бұл талаптар 2025 жылғы 26 қыркүйектегі Ұлттық банктің №58 қаулысына сәйкес бекітілген және 2026 жылдан бастап күшіне енді. Құжатқа сәйкес, кәсіпкерлер қолма-қол ақша шешу үшін өтініш беріп, оның мақсатын көрсетуі тиіс, ал банк бұл ақпаратты мемлекеттік органдарға жіберуге міндетті. Лимиттен асқан жағдайда қосымша тексеріс жүргізіледі.

Қысқасы, бұл — Ұлттық банк деңгейінде бекітілген ресми ереже. Сондықтан «ақшаны не үшін алып жатырсыз» деген талап шын мәнінде бар, бірақ ол барлық азаматтарға емес, негізінен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты.