Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылды. Оның құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енді. Осындай еріктілер топтарын еліміздің басқа өңірлерінде де құру жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Қозғалыстың еріктілері «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысып, қазақстандықтарды Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған бұлақтарды тазалау науқанын қолдауға шақырды.
«Біз - «Болашақтың қайнары» еріктілер тобы, бүгін Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен өткен «Мөлдір бұлақ» акциясына қатыстық. Су - тіршіліктің бастауы. Әр бұлақтың тазалығы - біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз бүгін тек табиғатты қорғап қана қоймай, қоғамға үлгі болуға тырыстық. Енді осы игі істі жалғастыру үшін эстафетаны еліміздің барлық өңіріндегі еріктілерге жолдаймыз. Бірге әрекет етсек, үлкен өзгеріс жасай аламыз!», – деді Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің 3-курс студенттері Диас Әбілхан және Айдана Мұқажанова.
«Болашақтың қайнары» қозғалысы тек экологиялық акцияларға қатысумен шектелмейді. Белсенді жастар су үнемдеуді насихаттау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарға үлес қосуды жоспарлап отыр.
«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында өтті. Оған шамамен 3,8 мың адам қатысты. Акция аясында бұлақтардың көзін ашу және қалпына келтіру, сондай-ақ айналасындағы аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қоқыс жиналып, көшеттер отырғызылды.
Іс-шараларға Су ресурстары және ирригация министрлігінің, ведомствоға қарайтын ұйымдар мен комитеттердің мамандары, сондай-ақ жүздеген ерікті мен студент қатысты.