Бестөбедегі қайғылы оқиға: Полиция қылмыстық іс қозғады

Оқиға салдарынан бір ер адам көз жұмды, ал екеуі медициналық мекемеге жеткізілді.

Бестөбе шахтасында алтын іздеушілермен болған қайғылы оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Естеріңізге сала кетсек Бестөбе кентіне таяу “Новая” шахтасында заңсыз алтын іздеушілер кен үйіндісінің астында қалып, ауыр жарақат салдарынан бір адам қаза тауып, екеуі ауыр жарақат алғанын хабарлағанбыз. 

Аталған оқиғаға байланысты біздің сұранысымызға Ақмола облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Полиция мәліметінше аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

- Алдын ала мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың 23 наурызында Бестөбе кентіндегі шахтаның төменгі горизонтында заңсыз алтын іздеумен айналысқан үш адам жарақат алған. Оқиға салдарынан бір ер адам көз жұмды, ал екеуі медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы