Танымал қазақстандық блогерге халықаралық іздеу жарияланды

Ақпарат берген тұлғаларға сыйақы қарастырылған, құпиялылық сақталады.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті белгілі қазақстандық блогерге мемлекетаралық іздеу жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ювашев Ильяр Салаватович, 23.06.1998 ж.т., Қазақстан Республикасының азаматы, andersonchik1 лақап атымен танымал блогер.

Ол еліміз аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінді.

– Тергеу деректеріне сәйкес, И.С. Ювашев 2024–2025 жылдары интернет-казино желісін құруға және басқаруға қатысқан, оның ішінде mellstroy.gamе ресурсы да бар.

Қаржы ағындарын заңдастыру және операцияларды жасыру мақсатында 22 жалған заңды тұлға тіркеліп, POS-терминалдар мен электронды төлем құралдары пайдаланылған. Осы арқылы ойыншылардан 3,6 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

Іздестіріліп жатқан тұлғаның орналасқан жері туралы қандай да бір мәлімет белгілі болған жағдайда, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлауларыңызды сұраймыз:

+7 7172 70 84 79 (іш.21384) – кезекші бөлім;

Call-орталық: 1458.

Ақпарат берген тұлғаларға сыйақы қарастырылған, құпиялылық сақталады, – делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті Беларусь Республикасының азаматы, «Mellstroy» атымен белгілі блогер Андрей Буримге қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда.

Интернет-казиноны насихаттау үшін блогер түрлі ұтыс ойындары мен челлендждер ұйымдастырған.

Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде Mellstroy бренді, казино логотиптері мен сайт сілтемелері көрсетілген бейнероликтер түсіру ұсынылған.

Бурим халықаралық іздеуге жарияланған. 

Айта кету керек, интернет-казино қызметі елеулі әлеуметтік және экономикалық зиян келтірген: азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тарту, лудоманияның артуы, табыстың жоғалуы және капиталдың офшорлық аймақтарға шығарылуы.