Наурызды тойлаудың жаңа моделі қалыптасып келеді

Қазақстандағы Наурыз дәстүрлі мереке шеңберінен шығып, мәдениет, технология және қоғамды біріктіретін ауқымды платформаға айналып отыр.

Қазақстанда Наурызды тойлаудың жаңа моделі қалыптасып келеді. Мұндай үлгіде дәстүр мен заманауи технологиялар бірге қолданылады: мәдени мұраны цифрлық форматта жаңаша ұсынудан бастап, инновациялар арқылы азаматтарды тарту және заманауи ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға дейінгі үдерістер қамтылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Наурызнама аясында еліміз бойынша 7 мыңнан астам іс-шара өтті, олар барлық өңірлерді қамтыды. 10 күндік мерекеге жалпы 4,2 млн адам қатысса, оның ішінде негізгі күндері — 21–22 наурызда — шамамен 1,5 млн адам қамтылды. Сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы жалпы онлайн қамту 14 млн желі пайдаланушыны қамтыды.

Цифрлық форматқа ерекше назар аударылды. Digital Nauryz бастамасы аясында 1 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылып, бірыңғай цифрлық платформаға 80 мыңнан астам қолданушы тартылды.

Жаңа модельдің негізгі элементтерінің бірі — «цифрлық киіз үйлер». Мұнда дәстүрлі мәдениет заманауи технологиялар арқылы ұсынылды. LED-контент, VR-аймақтар, AI-жобалар, 3D-принтерлер және интерактивті шешімдер қолданылды. Осыған ұқсас цифрлық форматтар музейлерге, театрларға және қоғамдық кеңістіктерге де енгізілді. Онда видео-аватарлар, LED-туннельдер және мультимедиялық инсталляциялар орналастырылды.

Бірқатар өңірлерде бұған дейін бұқаралық мәдени іс-шараларда қолданылмаған технологиялық шешімдер іске асты. Атап айтқанда, ұлттық тағамдарды дрондар арқылы жеткізу, роботтандырылған ұлттық ойындар (соның ішінде робот-көкпар), сондай-ақ интерактивті AI-аймақтар бар.

Сонымен қатар, білім беру және IT бағыты белсенді дамыды. Наурызнама аясында AI Nauryz, RoboShanyraq, хакатондар, GenAI Cup (стартап-питчинг), IT-форумдар, IT Quiz және стартап-презентациялар өтті. Drone Lab Наурыз жобасы, Baursaq Pitch стартаптар байқауы жүзеге асырылды. Сондай-ақ білім беру бастамалары қолға алынды: комикс жасауға арналған AI Bootcamp, оқушыларға арналған GameDev-хакатондар және «Robot күресі» робототехника турнирлері ұйымдастырылды.

Жобаның маңызды бөлігі — жоғары оқу орындары, музейлер және IT-хабтар арасындағы ынтымақтастық. Бұл әріптестік мәдени ортаға цифрлық форматтарды енгізуге және жастардың технологиялық құзыреттерін дамытуға бағытталды.