Алматыдағы жол апаты: жаңа мәліметтер пайда болды

Оның айтуынша, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы видео Instagram желісіндегі 100baksoff_almaty парақшасында жарияланған.

Оның айтуынша, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Zeekr көлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінде жатқандықтан, одан әлі жауап алынбаған.

«Жүргізуші палатаға ауыстырылғаннан кейін, оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу мәселесі қаралады. Ауруханаға түскен кезде қан сараптамасы алынған, алайда оның нәтижелері әзірге дайын емес. Нәтижелері шыққан соң қосымша хабарлаймыз», – деді Айдын Қабдұлдинов.

Сондай-ақ, ол оқиғаға байланысты полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізілетінін атап өтті.

 

«Қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Егер кінәсі дәлелденсе, оларға ең қатаң шаралар қолданылады», – деді ПД бастығы.