Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағдарланған халықаралық ұйым болып саналатынын, ол негізгі Шарттың бірінші бабында бекітілгенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әлемдегі қазіргі қалыптасып отырған күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, Бірлестік тұрақты түрде өз мақсаттары мен міндеттерін орындап, ЕАЭО мемлекеттерінің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Ең алдымен бұл тауарлар, қызметтер, капитал және еңбек күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін біртұтас нарық құруға қатысты. Сонымен қатар ЕАЭО ұлттық экономикаларды технологиялық жаңартуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және мүше мемлекеттердің әлемдік нарықтағы позицияларын нығайтуға ықпал етеді.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүше мемлекеттердің атына Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары көрсетілген үндеу жолдады. Ең алдымен, біздің назарымыз ЕАЭО-ның қызметі салаларында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталатын болады. Мүше мемлекеттер үшін кедендік әкімшілендіру, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және басқа салалардағы жасанды интеллектіні қолдана отырып, заманауи технологияларға бейімделу маңызды. Қазақстан өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беруді, ғылыми-зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз ЕАЭО бойынша әріптестермен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайынбыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.