Екі адамның өліміне себеп болған апат: Гүлайым Рахмонова сотталып кетті

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен расталды.

Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот материалдарына сәйкес, азаматша Р. жол қозғалысы қағидаларын бұзып, абайсызда екі адамның қаза болуына себеп болған (ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі).

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен расталды.

Прокурор соттан сотталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыруды, сондай-ақ жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдыруды сұрады.

Ал жәбірленуші тараптар – марқұмдардың туыстары  сотталушыны кешіріп, оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды өтінді. Азаматтық талап-арыз берілмеді. Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Сот үкім шығару кезінде сотталушының 2 жастан 9 жасқа дейінгі төрт баласы бар екенін және жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.

Сот үкімімен азаматша Р. кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар  7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. ҚР Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жаза өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде таңғы сағат 08:30 шамасында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Алматы–Екатеринбург» тасжолында болған.  Toyota Land Cruiser көлігін басқарған жүргізуші рульге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Көлік аударылып, салдарынан екі жолаушы – жүргізушінің досы мен әпкесі алған жарақаттарынан көз жұмды. Жүргізуші ауруханаға жеткізілген.