«Ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін»: Құрбанәлі Ахмет ишан екінші әйелін шәкіртіне үйлендіргенін айтты

Оның айтуынша, екінші әйелін оған қайын атасы “сыйға берген”, ал бұл шешім бірінші жұбайымен келісілмеген.

Қазақстандағы имам, хазрет, теолог-ғалым Құрбанәлі Ахмет ишан журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында жеке өміріне қатысты күтпеген жайттарды айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, екінші әйелін оған қайын атасы “сыйға берген”, ал бұл шешім бірінші жұбайымен келісілмеген.

“Бірінші әйелімнен рұқсат сұраған жоқпын. Екінші қабырғамды қайын атам “мына қызды аласың” деп сыйлыққа беріп кеткен. Қайын атам мені қатты жақсы көрді. Қазақтың әдеті ғой. Екінші әйеліммен 4 бала, 1 қыз дүниеге әкелдім. Бәрі қари, Құранды толық жаттаған, намаз оқиды, ғибадат қылады”, – дейді Құрбанәлі Ахмет.

Оған қоса,  имам екінші әйелінен бес бала дүниеге келгенін, олардың барлығы діни білім алып, Құранды толық жаттағанын айтты.

Бірақ уақыт өте келе олардың арасында жанжал туындап, әйел ажырасуға ниет білдірген. Осыдан кейін Құрбанәлі Ахмет оны өз өтінішімен шәкірттерінің біріне тұрмысқа бергенін жеткізді.

“Ол қабырғам кейін менімен ұрысып қалып “болды, сенімен ажырасамын, байға тиемін” деп жынданды. “Сен ақымақсың ғой, мен саған бай тауып берейін” дедім де, жақсы шәкіртіме үйлендірдім. “Жақсы бай таппайсың ғой, көшеде жезөкше болып, мені шарманда қыларсың” дедім. Өзі менен талап етті. “Байға тиемін” деді. Менен өш алмақ болған түрі ғой. “Шәкірттерімнің арасынан біреуін таңда, қалағаныңмен некелеп, тойыңды жасап беремін” дедім. Үлкен әйелім кемпір болды, екіншісі кетті, кейінгі әйелім қызметке келді, жас, қазір жақсы ықылас қылып, қызмет қылып жүр”, – деді имам.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда бірнеше баласы бар екенін, отбасылық жағдайы туралы да қысқаша мәлімет берді.

“Қабырғам екеу. Үлкен бибімнен екі ұл, екі қызым бар ғой деймін. Шамамен солай болу керек. Екінші әйелімнен 5 балам бар”, – дейді ол.