Талғардағы трагедия: жұмысына салғырттық танытқан полицей сотталып кетті

Ол 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.

Алматы облысы Талғар ауданында адам өлімі мен кішкентай қыздың ұрлануына әкеліп соққан салғырттығы үшін учаскелік полиция инспекторы сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот шешімі бойынша полиция қызметкері Қылмыстық кодекстің 369-бабы ("салғырттық") және 371-бабы ("қызметтік жалғандық") бойынша кінәлі деп танылды. Ол 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.

Сонымен қатар сотталушы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, арнайы лейтенант атағынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленушіге 3 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылғы 3 қыркүйекте инспектор жәбірленуші әйелдің шақыртуымен барған. Бірақ оның үйіне бұрын зорлық жасады деп айыпталған қарулы ер адам келгеніне қарамастан, полицей тиісті шара қолданбаған. Тіпті, қорғау нұсқамасына жәбірленушінің қолын өзі қойғаны анықталған.

Осы әрекетсіздіктің салдарынан 6 қыркүйекте әлгі ер адам сыбайластарымен бірге әйелдің ағасын атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кеткен. Кейін бала аман-есен құтқарылып, күдіктілер ұсталды.

Аталған қылмыс бойынша басты күдікті 25 жылға, ал оның екі кәмелетке толмаған сыбайласы 9 жылдан бас бостандығынан айырылған.

Қазіргі таңда бұл іске байланысты Талғар аудандық полициясының тағы бірнеше қызметкеріне қатысты қылмыстық істер қаралып жатыр.