Бала құқығын қорғау – басым міндет

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда халықаралық хаттамалар ратификацияланып, депутаттық сауалдар жолданды.

Күн тәртібіне сәйкес, сенаторлар «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасы­лық және қылмыстық істер бойынша құқық­тық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойын­ша құқықтық көмек пен құқықтық қаты­нас­тар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Тал­қылау кезінде аталып өткендей, хаттама­ларды ратификациялау мемлекетаралық деңгейде алимент өндіріп алу рәсімін жеңілдетеді. Құжаттар сот бұйрықтарын сөзсіз тануды және орындауды қамтамасыз етуге арналған. Бұл шара конвенцияларға қол қойған елдердің құқықтық өрісі шең­берінде балалардың құқықтарын, оның ішінде материалдық мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

«Қаралған хаттамалар конвенцияларға қосылған елдерде балаларға алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осы мақсатпен сот бұйрықтарын тану бөлігінде қажетті түзетулер енгізіліп отыр. Бұл түзетулер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттыра­ды деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.