Мемлекеттік орган қызметі туралы заң қаралады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Алдағы жалпы отырыста депутаттарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­декске және арнаулы мемлекеттік орган­дар­дың қызметі мәселелері бойынша бір­қатар заңнамалық актіге енгізілетін тү­зе­тулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Тиісті заң жобаларына сала­лық заңнаманы жетілдіру мақсатымен депутаттар бастамашы болды. Олардың ережелері мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық қолдану прак­тикасы барысында анықталған құқық­тық олқылықтарды жоюға, сондай-ақ нормаларды қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.

Бұдан бөлек, депутаттар Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталы­ғына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды қарайды. 2024 жылғы 23 қазанда Вашингтонда қол қойылған құжат Алматыда орналасқан орталықтың жұмы­сын реттейді. Бұл орталықтың бағдарлама­лары бенефициар елдерде (Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғыз­стан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) мықты институттар құруға, макроэкономикалық талдау, ақша-несие және бюджет саясаты, қаржылық реттеу және қадағалау, макроэкономикалық статистика мәселелері бойынша  мемле­кеттік органдар қызметкерлерінің кәсіби дағдылары мен құзыреттерін дамытуға және  арттыруға ықпал етуге бағытталған.

Сондай-ақ «Қазақстан Республика­сындағы кедендік реттеу туралы» кодекске түзетулер енгізу және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу сынды жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.