Алатау қаласы туралы заң қабылданды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Алатау қаласының арнау­лы құқықтық режимі туралы» Кон­ституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Отырыс барысында Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын іске асыру мақса­тымен әзірленген, Алатау қаласының тұрақ­ты дамуы үшін жаңа құқықтық әрі эко­­номика­лық жағдайлар жасауға бағыт­тал­ған Конституциялық заң жобасы екінші оқылымға пысықталған нұсқада қаралды.

«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының төрағасы, Мә­жіліс депутаты Нұртай Сабильянов жасады. 

– Екінші оқылымға дайындау бары­сында Бірлескен комиссия Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің депутаттары мен тұрақты комитеттерінің ұсыныстарын қарап, жан-жақты талқылады. Депутат­тардың түзетулері бойынша, біріншіден, заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкес кел­тірілді. Заң жоба­сының атауы енді «Алатау қаласының ар­наулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Консти­туциялық заңы­ның жобасы болып өзгер­тілді, – деді.

Оның айтуынша, арнаулы құқықтық режимді қолдану тетіктері нақты айқын­далды. Соның ішінде қаланың даму перс­пек­­тиваларын ескере отырып, оны қала маңындағы аумақтарда да қолдану мүм­кіндігі нақтыланды.

Құжатқа кәсіпкерлік қызметті реттейтін «Алатау қаласының басым салалары», «бизнес-лицензия», «реттеуші рұқсат» және «салықтық преференция» сынды жаңа ұғымдар енгізілді. Қаржылық орнықтылық пен ашықтық қағидаттары күшейтіліп, инвестициялық міндеттемелер мен берілген жеңілдіктер туралы мә­ліметтерді ашық түрде жариялау мін­деттелді.

Баяндамашы цифрлық бастапқылық қағидатын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Депутаттардың түзетулері арқылы қала шаруашылығы салаларына, соның ішінде абаттандыру, инженерлік, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфра­құры­лым, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйе­леріне қатысты барлық дерек бірыңғай ци­фр­лық платформада жинақталады деп бек­ітілді.

Сонымен қатар кәсіпкерлер мен инвес­тор­лардың құқығын қорғау кепілдік­тері кү­шейтілді. Атап айтқанда, Алатау қала­сында бизнес субъектілерін тексеруді тек Бас прокуратура органдары жүзеге асы­ратыны қарастырылған. Бұдан бөлек, депутаттар салықтық преференцияларды басқа өңірлердегі қолданыстағы бизнесті өндірісті ішінара көшіру арқылы қолдауға жол бермейтін түзетулер енгізді.

Сондай-ақ заң жобасы бойынша бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау күшей­тілді. Оның ішінде бюджеттің атқа­рылуы мен қаланың дамуы туралы есептерді мін­детті түрде жариялау, сондай-ақ оларды Үкі­мет пен Жоғары аудиторлық палатаның Парламентке ұсынатын жыл сайынғы есеп­терінің құрамына енгізу қарастырылған.

Нұртай Сабильяновтың айтуынша, құжатта сондай-ақ әкімшілік пен жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлға­ларының жауапкершілігі, әкімшілік акті­лерге шағымдану тәртібі нақтыланып, мүм­кіндігі шектеулі азаматтар үшін қалалық ортаның қолжетімділігін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғауды күшейту шаралары көзделген.

Қосымша баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл заң Алатауды дамыту үшін елімізде бұрын қолданылмаған жаңа тәсілдерге не­гізделген құқықтық база қалыптас­тыра­тынын атап өтті.

Бірлескен отырыс қорытындысы бо­йын­ша депутаттар «Алатау қаласының ар­наулы құқықтық режимі туралы» Консти­туциялық заңды екінші оқылымда қа­­­­был­­дады.