Алкогольден арылған ауыл көп

Қазақстанда алкоголь нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістерді бас­тан кешіп отыр.

Себебі, жыл сайынғы инфля­ция алкоголь бағасының өсуіне әсер еткені бір бөлек, екінші жағынан арақ-шарап өндірісінің ұлғайғаны да байқа­лады. Бұл алкогольге деген тұрақты сұранысты көрсетеді. Дегенмен қоғамда арақ-шарапқа көзқарас біркелкі емес. Ішімдіктен бас тартқан ауылдардың да бар екені осыған дәлел. 

2025 жылдың алғашқы жар­ты­жылдығында алкоголь өнім­дері шамамен 9,9%-ға қымбат­таған. Әсіресе, сыра бағасы 13,6%-ға өссе, шарап – 10,5%, ал арақ – 5,9% қымбаттаған. Ба­ғаның өсуіне қарамастан, сұра­ныс төмендеген жоқ. Кері­сін­ше, өнді­ріс көлемі артты. 10 ай іш­інде сыра өндірісі шамамен 10%-ға, арақ 7%-ға өскен. Ал шарап өндірісі 20%-дан астам қыс­қарған.

Бұл деректер ішкі нарықтың әлі де белсенді екенін аңғартады. Қазақстан сыраның 90%-дан ас­тамын, арақтың шамамен 86%-ын өзі өндіреді. Яғни, ішім­дікке тәуелділік сырттан келген өнім­мен емес, негізінен ішкі өн­діріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Арақ-шарап нарығында өңір­лік айырмашылықтар анық байқалады. Мәселен, жан басы­на шаққандағы алкогольге жұ­м­са­латын қаржы Шығыс Қазақ­стан облысында ең жоғары – 16,2 мың теңге. Алматы қаласы мен Қара­ға­нды облысы да алдыңғы қатар­да. Ал Қызылорда, Түркіс­тан және Маңғыстау облыста­рында тұтыну деңгейі әлдеқайда төмен.

Халықаралық рейтингке сүй­ен­сек, Қазақстан алкоголь тұт­ыну бойынша 189 елдің ішін­де 100-ор­ында тұр. Жылына бір адамға шаққанда 3,73 литр алко­голь тиесілі. Бұл көрсеткіш Еуро­паның кейбір елдерімен салыс­тырғанда төмен болғаны­мен, мәселенің жоқ екенін біл­дірмейді.

Керісінше, әлеуметтік көр­сет­кіштер алаңдатарлық. Елде 91 мыңнан астам адам алкогольге тәуелді ретінде есепте тұр. Оның басым бөлігі – ер адамдар. Бұл – тек тіркелген жағдайлар. Ал жасырын тәуелділік бұдан да көп болуы мүмкін.

Алкоголизм – тек медици­нал­ық емес, әлеуметтік дерт. Ол отбасы берекесіне, еңбек өнім­ділігіне, тіпті ұлт денсаулығына әсер етеді. Ішімдікке салынған адам­ның өмір сапасы төмендеп қана қоймай, оның айналасын­дағы адамдар да зардап шегеді. Балалар­дың тәрбие­сі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары – мұның бәрі белгілі бір деңгейде алкогольмен байла­нысты.

Мемлекет бұл мәселені рет­теуге тырысып отыр. Қазақстанда алкоголь өнімдері тек 21 жастан асқан азаматтарға сатуға рұқсат етілген. Сондай-ақ сату уақыты­на шектеулер қойылған. Градусы жоғары ішімдіктер тек түстен кейінгі уақыттан кешкі 21:00-ге дейін, ал ішімдіктің жеңіл түр­лері таңғы 8-ден бастап түнгі 23:00-ге дейін сатылады. Қоғам­дық орындарда ішімдік ішуге тыйым салынған. Бұл шараларды арақ-шарапқа сұранысты шек­теудің бір жолы деп түсінген жөн.

Дегенмен мәселені тек заң­мен немесе мемлекеттің арақ-шарап­ты шектейтін басқа да шара­ларының арқасында шешу мүмкін емес. Бұған халықтың өз тарапы­нан да бастамалар қажет екені сөзсіз. Мұндай бастамалар­дың бар екенін де айта кетуіміз орын­ды. Кейінгі жылдары қоғам ішінде жаңа үрдіс байқала бас­тады. Елдің әртүрлі өңірінде 100-ден астам ауыл алко­гольден толықтай бас тартқан. Бұл –  халықтың өз еркімен қа­былдаған шешімі. Мұндай ауыл­дар­да қылмыс азай­ып, тұрмыс деңгейі жақсарып, жас­тардың болашақ­қа деген көз­қарасы өзгергені байқа­лады. 

Мысалы, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының өзінде арақ­тан бас тартқан 20 шақты ауыл бар. Ащы суды тек жекеле­ген адам­дар емес, тұтастай ауыл­дар­дың шектеп, той-томалақты арақ-шарапсыз  өткізу жағынан Түркі­стан, Алматы, Шығыс Қа­зақ­стан, Қарағанды облыстарына қарасты ауылдардың көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн. Жалпы, 2025 жылдың мәліметіне сәйкес, елімізде арақ-шараптан толықтай бас тартқан 400-дей ауыл бар. Бұл үрдіс  алкоголизм­мен күрес тек тыйыммен емес, сана өзгерісімен жүзеге асаты­нын да көрсетеді. 

Қорытындылай келе, Қазақ­стандағы алкоголь нарығы эко­но­микалық тұрғыдан өсіп жатқа­ны­мен, оның әлеуметтік салдары әлі де өзекті екенін айтуымыз керек. Баға өсіп, өндіріс артқан сайын, қоғам бұл мәселені те­рең­і­рек түсініп, саналы таңдау жасауға тиіс. Ал ішімдіктен бас тарт­қан ауылдардың тәжірибе­сі – соның айқын дәлелі.

Айгүл СЕЙІЛ