Еліміз бойынша 750 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Ал Батыс Қазақстан облысында 26 293 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Сала мамандары мүгедектігі бар адамдар саны жыл сайын өсіп келе жатқанын алға тартып отыр. Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз ол емес. Қамкөңіл жандардың еңбекке араласуы, олардың құқығының қорғалуы жайында сөз етеміз.
БҚО-дағы 26 249 мүгедектігі бар адамның 14 198-і еңбекке жарамды, ал нақты еңбек етіп жүргені 4 491 адам. Қазір 2 732 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұдан байқайтынымыз, жалпы елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау былай тұрсын, оларға жұмыс тауып берудің өзі үлкен мәселеге айналған.
Облыстық Жұмыспен қамту басқармасы жыл басталғалы 69 адам жұмысқа орналасқанын мәлімдеп отыр. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту квота тағайындау әдісімен жүреді. Өңірде 2025 жылы 65 мекемеге 91 адамды жұмыспен қамту үшін квота тағайындалған. Ал биыл 52 мекемеге 82 адам орналастырмақ.
– Жалпы, мүмкіндігі шектеулі азаматтың еңбекке араласуы өзінің ниетіне байланысты. Егер еңбекке жарамды болса, жұмыс істеуге құлшыныс болса, біз ондай азамтарды жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Жалпы, жеке кәсіпкер болсын, мемлекеттік орган басшысы болсын, кімді жұмысқа қабылдап жатқанын түсінеді. Бірақ осыған қарамастан кейде басшылар тарапынан шеттетулер, қақпайлаулар болып тұрады. Бізге келіп мұңын шағатындар бар. Бұл азамтармен жұмыс істеу үлкен еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді, – дейді БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожанов.
Жұмажан Қожанов мүгедектігі бар адамдар үшін ең дұрысы шағын кәсіппен айланысу екенін айтты. Өзі қолынан келетін дүниені жасап, соны сатып үйренсе, ешкімнен қағажу көрмейді.
БҚО Еңбек инспекциясы «мүгедектігі бар азаматтардың еңбек құқығы бұзылғаны туралы ешқандай дерек пен арыз-шағым жоқ» дейді. Бұл олардың құқығы бұзылмайды дегенді білдірмейді. Орал қаласының тұрғыны Гүлназ Габдуллина үшінші топтағы мүгедек. Өзі жұмыссыздықтың зардабын көп тартқан жандардың бірі. Ол былтыр үйде отырып жартылай өнім дайындап сату туралы шешім шығарып, ол идеясы мемлекеттен қолдау тапқан. Қазір жартылай дайын өнімдер жасап, нарыққа шығарып отыр.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қырын қарау үрдісі барын Гүлназ да айтып қалды. Олар соған қарамастан көппен бірдей еңбекке араласуға тырысып жүргенін айтады. Елдегі мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары тек әлеуметтік саясат емес, сонымен қатар тең, әділ қоғам құрудың басты шарты іспетті. Әрине, бұл бағытта оң өзгерістер бар. Алайда қолжетімді ортаны дамыту, инфрақұрылымды бейімдеу, қоғам санасын өзгерту, заңнаманы нақты іске асыру сынды мәселелер жеткілікті.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы