Саламатты өмір салты – сән емес, саналы таңдау

Саламатты өмір салты – бү­гін­гі қоғамның бас­ты құнды­лық­тарының біріне айналды. Ден­сау­лыққа жауапкершілікпен қарау, белсенді қозғалыс, дұрыс ұйқы мен ең бастысы, дұрыс та­мақ­тану мәдениеті осы ұғымның негізгі өзегі.

Адам ағзасының сау­лығы көбіне не жеп, қалай тамақтанатынына байланысты. Сон­дықтан тамақтану мәдение­ті – тұтас ұлттың болмысын ай­қын­дайтын маңызды фактор.

Қазіргі заманда адамдардың тамақтану әдеті айтарлықтай өз­герген. Қала өмірінің қарқы­ны, уақыт тапшылығы, техно­логия­ның дамуы адамдарды жеңіл әрі тез дайындалатын тағамдарға тәу­елді етіп барады. Фастфуд, жар­тылай дайын өнім­дер, түрлі жеткізу қызметтері күнделікті өмір­дің бір бөлігі десек қателес­пейміз. Бір қара­ғанда, бұл ың­ғай­лы сияқты, алайда мұндай тағамдардың денсаулыққа тигіз­ер кері әсері де аз емес.

Сонымен қатар бүгінгі қо­ғам­да дұрыс тамақтану тренді де қатар дамып келеді. Калория санау, табиғи өнімдерді тұтыну, қант пен май мөлшерін шектеу, вегетариандық немесе вегандық өмір салты – мұның бәрі сала­мат­ты өмір салтына ұмтылыстың көрінісі. 

Өмір салтын өзгерту және тамақтану мәдениеті бойынша сарапшы Аңсаған Аллаберқызы­ның ойынша біздің қоғамда, әсіресе, үлкен қалаларда дұрыс тамақтану мәдениеті мен дене­шынықтыру қатар дамып келеді. «Қазіргі қоғамда адамдар  ағзаны үнемі пайдалана бермей, бір сәт оған да күтім жасау қажет екенін түсінді. Сол үшін арнайы жатты­ғу залдарына барады. Ал дене жаттығуларының түр-түрін жасай­тын орындар көбінде үлкен қалаларда орналасқан. Жалпы, спортпен айналысатын кез келген адам ойдағыдай нәти­жеге жетуі үшін көбінде дене жат­тығуы мен дұрыс тамақтану­д­ы қатар алып жүреді. Бұл орайда статистикаға сүйеніп, көбінде 35 пен 55 жас аралығындағы қала­лықтардың дұрыс тамақтануға көңіл бөлетінін айтсақ бола­ды», – дейді ол. 

Сарапшының пікірінше, бүгінде  кез келген отбасының дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Өйткені, дұрыс тамақтанудың базалық негізін құрайтын, ақ­уыз­ға бай тағамдар аса қымбат емес. «Жұмыртқа, ірімшік, айран сияқты тағамдарды кез келген от­басы сатып алады деп есеп­теймін. Әр адам өз денсаулығын өзі күтуі керек. Әрине, мемлекет тарапы­нан да қолдау болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Теледидардан, газеттер мен әлеуметтік желілер­ден дұрыс тамақтану көбірек насихатталса, адамдар өз денсау­лықтарына көбірек көңіл бөледі», – дейді маман.  

Жалпы, соңғы кездері түрлі дереккөзден қазақтың дәстүрлі тағамдары – табиғи әрі теңгер­імді ас үлгісінің жарқын мысалы екенін біліп жүрміз. Көшпелі өмір салтына бейімделген ата-бабамыз тағамды тек қарын той­дыру үшін емес, ағзаны қуат­тан­дыру, денсаулықты сақтау үшін тұтынған. Мәселен, қымыз бен шұбат – иммунитетті күшейтетін, ас қорыту жүйесін жақсартатын сусындар. Құрт пен айран – кальцийге бай, сүйек саулығына пайдалы өнімдер. Ал ет тағам­дары – күш-қуаттың негізгі көзі. Ең бастысы, дәстүрлі тағамдарда ысырапсыздық пен табиғилық қағидаты сақталған. 

Бүгінде ұлттық тағамдар жаңа форматта қайта жаңғырып келеді. Қазіргі аспаздар дәс­түрлі рецептерді жеңілдетіп, оны заманауи талаптарға бей­імдеуде. Майы азайтылған ет тағамдары, қымыздан жасалған десерттер, порциялық үлгідегі ұлттық ас түрлері – соның дәлелі. Бұл – ұлт­тық тағамның заманға сай транс­формациясы, яғни денсау­лыққа пайдалы әрі қолжетімді нұсқаға айналуы.

Сөз соңында айтарымыз, сала­матты өмір салты – жаңа ұғым емес, ол біздің ұлттық бол­мысымызда бұрыннан бар құн­ды­лық. Қазақтың дәстүрлі тағам­дары – дұрыс тамақтанудың табиғи үлгісі. Ендеше, жаһандану дәуірінде өз асымызды ұмытпай, оны денсаулыққа пайдалы ба­ғыт­та дамыта білу – әрқайсымыз­дың міндетіміз. Саламатты өмір сал­ты – сән емес, саналы таңдау. Ал сол таңдаудың негізінде біздің ұлттық дәміміз, дәстүріміз және болмысымыз жатыр.

Айгүл СЕЙІЛ