Дроппер құрбан ба, қылмыскер ме?

Қарағандыда Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы екі тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады. Айыпталушылар орнында өз банк шоттарын үшінші тұлғаларға ақшалай сыйақы үшін берген студенттер болып шықты. Бұл – дропперлік. Енді осыған тоқталайық.

Интернет ентелей енген сайын оны арам пиғылда пай­даланушылар да көбейген. Алаяқтықтың түрлі схемасы пай­да болды. Халықтың қаржылық қауіп­сіздігін пайдаланғандарға қар­сы киберпол да ашылды. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев алаяқ­тық әрекеттердің жиілеуі ту­ралы бірнеше рет мәлімдеме жа­­саған болатын. Бурабайда өт­кен Ұлттық құрылтайдың IV оты­ры­сында ол интернет-алаяқ­тар­дан зардап шегетін азаматтардың саны артқанын атап өтті. 

Қазір алаяқтықтың кең тара­ған түрі – дропперлік. Айта кету к­ерек, өткен 2025 жылғы 16 қыр­күйектен бастап Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Қылмыстық ко­дек­сіне 232-1-бап енгізіліп, дро­­­­перлік үшін қылмыстық жауап­кершілік қарастырылған. Бұл – банк шоттарына, төлем карта­ла­рына немесе жеке сәйкестендіру құрал­дарына заңсыз қол жеткізу мен оларды пайдалану әрекет­те­рін қатаң бақылауға алу мақ­са­тын­дағы маңызды заңнамалық қа­дам. 

Аталған жағдайда алаяқтар қа­рапайым сценариймен жұмыс іс­тейді. Біреуі, жоғарыда айт­қан­дай, оңай табыспен алдаса, енді бі­ріне хабарласып, «банк шо­тыңызға қауіп төніп тұр» деп сен­­­­діреді. Кейде жұмыс ұсынып, банк картасын сұрайды. Осы­лай­ша, дроп өз шотын айтады, ал алаяқ­тар сол арқылы заңсыз ақ­шаны жымқырады. Облыстық По­лиция департаментінің мәлі­ме­тінше, дроптардың басым көп­ші­лігі – 18 бен 30 жас аралы­ғын­дағы жастар. Оларды алаяқтар он­лайн арқылы тауып, арзан та­быс­қа қызықтырады. Дроптарды банк операцияларын, IP-мекен­жай­ларды, интернеттегі хат алма­су­ларды тексеру арқылы анық­тай­ды. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс. 

– Қазір қылмыстық топтар әлеу­меттік желілер мен жалған сайт­тар арқылы студенттердің же­ке деректерін иемденіп, олар­ды «дроппер» ретінде пай­да­ла­на­ды. Яғни, банк картасын, жеке мә­ліметін берген жас азамат өзі бай­қамай қылмыстық схе­ма­ның бір бөлігіне айналады. Кө­бі­не дроп­перлер фишинг, аккаунт­ты бұзу, банк картасының де­­­­­рек­терін ұрлау немесе басқа да алаяқтық әдістер арқылы алынған ақшамен жұмыс істейді. Олардың міндеті – ақшаның шыққан көзін жа­сыру үшін оны басқа шоттарға та­рату немесе қолма-қол ақшаға ай­налдыру.

Мұндай әрекет үшін Қыл­мыс­тық кодекстің 232-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар жас­тарды «жеңіл табыс» уәде­сі­мен есірткі тасымалдаушы – «зак­­­­­­ладчик» ретінде арбайтын жағ­дайлар жиілегені айтылды. Қыл­мыстық кодекстің 297-ба­бына сәйкес есірткіге қатысты құ­­­­қықбұзушылықтар үшін 20 жыл­ға дейін жаза көзделген, – дей­ді облыс прокурорының орын­­­­­басары Еділ Жұбанов.

Сот отырысында айып­талу­шы­лар кінәларын толық мойын­дап, жасаған әрекеттеріне өкіні­шін біл­дірді. Олардың кінәсі ұсы­­­­­ныл­ған дәлелдермен айқын­далды.

Істі қарау қорытындысы бойын­­­ша, сот айыптау үкімін шы­­ғарып, сотталушыларды кінә­лі деп танып, айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

– Дроппер болып, алаяқтар­дың құрбаны болмас үшін бей­та­ныс адамдарға жеке мәліметтерді, банк карталарының деректерін бермеу, жалақысы тым жоғары, оңай табыс туралы ұсыныстарға күмәнмен қарау және әлеуметтік же­лідегі «жұмыс», «сауда» топ­та­рын­да жеке шот ашуға немесе тір­­келуге қатысты ұсыныстардан бас тарту керек. Ал күмәнді әре­кет­ті байқасаңыз, 102 нөміріне ха­барласу керек. Қазір дроп­тар­мен байланысты қылмыстардың өсуі бұл мәселенің шынайы ауқы­мын көрсетіп отыр, – дейді Еділ Жұбанов.

Qarzhy Saqshysy – интерактивті ойын

Бүгінде Қарағанды облы­сын­дағы мектептер мен кол­ледждерде жоғары сынып оқу­шылары мен студенттерге ар­налған қаржылық және онлайн қауіпсіздік бойынша инте­рак­тивті сабақтар ұйымдастыруда. Өңірлік Экономикалық тергеп-тек­серу департаментінің маман­дары жасөспірімдерге алаяқтық­тың кең таралған схемалары мен цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіріп, кейін білімді Qarzhy Saqshysy интерактивті ойы­ны арқылы бекіткен.

Бұл ойын жыл сайын ел кө­ле­мін­­де «Заң және тәртіп» жал­пыұлт­­тық нарративі мен «Адал аза­­мат» бірыңғай тәрбие бағдар­ла­масы аясында өткізіледі. 

Биыл жобаға 800 мыңнан астам оқушы қатысты. Қара­ғанды облысы да бастамаға белсенді түрде қосылды: сабақтар Қарағанды, Теміртау, Саран, Шах­тинск қалаларындағы, сон­дай-ақ Абай және Бұқар жырау аудандарындағы мектептер мен колледждерде өтті.

Педагогтердің айтуынша, мұн­дай формат өз тиімділігін көр­сетті. Жасөспірімдер дәрісті тың­дап қана қоймай, күнделікті өмір­де қолдануға болатын прак­ти­калық кеңестер алды.

– Балаларға жеке деректерді қор­ғау бойынша берілген ұсы­ныс­тар ерекше ұнады. Мысалы, көп­шілігі телефондағы графи­ка­лық кілттің сенімсіз қорғаныс тә­с­ілі екенін білмеген. Енді Face ID не­ме­се саусақ ізі арқылы қор­ғау әл­де­қайда қауіпсіз екенін тү­сін­ді, – де­ді Қарағандыдағы Шә­кә­рім атын­дағы гимназия ди­­­­­рек­торы­ның тәр­бие ісі жөнін­дегі орын­басары Жұлдыз Үкіме­това.

Сабақ барысында дроппер-лер – алаяқтар мен олардың құр­бандары арасындағы делдалдар тақырыбына да ерекше назар ау­дарылды. Жасөспірімдерге қыл­мыс­тық жағдайларға қалай бай­қа­май қа­тысып кетуі мүмкін еке­ні тү­сін­дірілді. Жиі кездесетін жағ­­дай­лар­дың бірі – банк кар­тасына ақша тү­сіп, кейін бей­та­ныс адам­дар «қа­телесіп аудардық» деген желеу­мен қаражатты қай­таруды сұрауы. 

Сонымен қатар оқушыларға алаяқ­тықтың өзге де кең таралған түрлері туралы айтылып, алдау бел­гілерін тануға үйретілді. Са­бақ­тардың негізгі мақсаты – жас­тардың қаржылық сауат­тылығын қалыптастыру және оларды цифр­­­лық кеңістікте өздерін қор­ғауға дағдыландыру.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, 

Қарағанды облысы