Осы мазмұндас тұжырымды этнограф, зерттеуші ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты кітабынан таба аласыз. Қорқыт ата заманынан бастау алып, бүгінгі күнге бір нотасы өзгермей жеткен күйшілік дәстүрді Қаршыға Ахмедияров секілді дәулескер күйші бар сүйіспеншілікпен сақтай білді. Қаршыға күй тартқанда қараша жұрты еліге тыңдады, елжірей тыныстады, еріксіз тәнті болды. Бүгін біз сол Қаршығаның адал жары, өмірлік серігі Нұрбике Ахмедияровамен сырластық.
– Қазақтың бірегей күйшісі Қаршыға Ахмедияров ағамыздың туғанына 80 жыл толды. Ғұмырыңыздың жартысы Қаршыға ағамен бірге өтті. Дәулескер күйшімен алғаш жолыққан сәтіңіз есіңізде ме?
– Қаршығамен алғаш рет 1966 жылдың 7 қарашасында Алматы қаласында өткен жерлестердің мерекелік сауық кешінде таныстық. Ол кезде мен Алматы медицина институтының 1-курс студенті едім. Тағдырдың жазуымен екеуміздің де Атырау облысы Махамбет ауданының тумасы екеніміз белгілі болды: мен – тарихы терең, хан ордалы Сарайшықтан болсам, ол Таңдай ауылынан екен.
Осылай басталған таныстық уақыт өте келе шынайы сезімге ұласып, 1970 жылдың мамыр айында шаңырақ көтердік. Ортақ өміріміздің жемісі ретінде екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, өсірдік.
Бес жыл қатар білім алып, одан кейінгі 40 жыл екі апта бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кештік. Сол жылдардың әр күні – біз үшін қымбат естелік, жүректе сақталған ұмытылмас қымбат қазына.
– Қаршыға ағаның әкесі Ахмедияр ата күйші, саятшы, жыр-термелерді жатқа айтқан кісі болыпты. Анасы 3 жасында қайтыс болған екен. Ағаны тәрбиелеп өсірген әкесі ме?
– Иә, Қаршығаның бойындағы өнерге деген қызығушылық пен өмірлік ұстанымының қалыптасуына ең алдымен әке тәрбиесі зор әсер етті. Сонымен қатар оның төрт ағасы да өнерге жақын, ән айтып, күй тартқан жандар еді. Осындай ортада өскен Қаршыға жастайынан өнерге бейім болып өсті.
Қаршыға – бес ұлдың кенжесі. Оның алдында Дариға атты әпкесі болған. Үш жасында анасы өмірден өтті. Сол жылы Ақкенже деген қарындасы дүниеге келген еді. Алғи атты ағасы мен қарындасы Ақкенже қазір Астанада тұрып жатыр. Өзге бауырлары өмірден өтіп кетті.
Қыдыр дарыған, күй қонған өнерлі отбасы еді.
– Қаршыға аға Ғарифолла Құрманғалиевке еліктеп өсіп, жыршылық дәстүрді меңгерген екен. Күйшілік өнерді дамытуына кім әсер етті?
– Қарекең жастайынан әнші ретінде танылғанымен, күйшілік өнерге деген қабілетінің қалыптасуына отбасының ықпалы ерекше болды. Үлкен ағасы Қырғи – дүлдүл әнші әрі күйші ретінде елге белгілі тұлға еді. Қаршығаның әншілікке де, күйшілікке де бейімделуіне әкесі мен осы ағасы Қырғидың тәлімі зор болды.
Сонымен қатар Қарекеңнің өнер жолында бағыт-бағдар берген жандардың бірі – қазір көзі тірі, жасы тоқсанға таяған Қатимолла Ризуанов. Ол кісі кезінде көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп, талай шәкірт тәрбиелеген. Қарекең де сол кісіден тәлім алып, өнердің қыр-сырын меңгеріп, көп нәрсе үйренді.
– Достары, жолдастары ағаның тым сезімтал болғанын айтады. Күйшінің сезімтал болмауы мүмкін емес. Дегенмен ағаны ерекшелеп тұратын қандай қасиеті еді?
– Қарекеңді өзгелерден ерекшелеп тұратын асыл қасиеттері өте көп. Оның аңғалдығы, тазалығы, адалдығы бөлек еді. Биік адамгершілігі мен парасаттылығы кез келген ортада айрықша байқалып, айналасына жылылық сыйлауға құмар еді. Әсіресе, кісіге жаны ашығыш, өзгеге қолұшын созуға әрдайым дайын тұратын кең жүрегі көптің құрметіне бөледі.
Өзімен тағдырлас жандарды кездестірсе, Қарекең қолынан келген көмегін ешқашан аямайтын. Қолының ашықтығы, жомарттығы – оның болмысына тән қасиет еді. Біреуге жақсылық жасау үшін артық есеп іздемейтін, шын ықыласымен көмек беретін.
Ол тек өнер иесі ғана емес, өнердің жанашыры да еді. Домбыра тартуға қабілетті, ынталы шәкірттерін ерекше бағалап, кейде арнайы тапсырыспен жасатқан домбырасын да сыйға тартып жіберетін. Бұл – оның өнерге деген құрметі мен кейінгі буынға деген сенімінің айғағы.
Қарекең үшін домбыра – жай ғана аспап емес, ұлттық рухтың, халықтың жанының үні болатын. Сондықтан да ол үйге келген әрбір қонаққа, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайларға ең бағалы сый ретінде домбыра тарту ететін. Оның: «Әр қазақтың үйінде домбыра күмбірлеп тұрсын» деген қағидасы – бүкіл ғұмырына арқау болған өмірлік ұстанымы еді.
Осы ұстанымы арқылы ол тек өз ортасына ғана емес, кейінгі ұрпаққа да ұлттық өнерді қастерлеудің, рухани байлықты сақтаудың үлгісін көрсетті.
– Жас кезінде бұзақылар соққыға жығып, бүйрегін зақымдаған екен. Сол дерті ұзақ мазалаған секілді. Қытайға барып емделгенін де білеміз. Бүйрегі ауыратынын жиі айтатын ба еді?
– 1978 жылы Құрманғазы атындағы оркестрдің кезекті концертінен кейін қайтар жолда Қарекең соққыға жығылды. Қолдан ұйымдастырылған, әдейі жасалған «дұшпандарының» жауыз әрекетінен кейін сол жақ бүйрегі қатты зақымданып, езіліп кетіпті. Бұл жауыздық әрекет Қарекеңнің денсаулығын құртты. Дертінен айығуы үшін ұзақ жылдар бойы ем қабылдауға мәжбүр болды.
1978 жылдан бастап, 1999 жылдың маусым айына дейін бірнеше рет ауруханаға жатып, түрлі ем шараларын алғанымен, уақыт өте келе екі бүйрегі де істен шығып, жасанды бүйрек аппаратына тәуелді болды.
1999 жылдың маусым айынан қараша айының соңына дейін Сызғанов атындағы хирургия институты қабырғасында ем қабылдап, кейін сол жылдың желтоқсанында емін жалғастыру үшін Бейжің қаласындағы әскери госпитальға бардық.
Ұзақ күткен бүйрек ауыстыру операциясы 2000 жылдың сәуір айына дейін созылып, ақыры донор табылып, қытай жігіттің бір бүйрегі салынды. Сәтті өткен операциядан кейін ғана 2000 жылдың 5 сәуірінде елге оралдық.
– Аға өмірінің соңында Атырауда тұрды. Алматыдан неге кетті? Әлде туған жеріне деген сағынышы маза бермеді ме?
– 2000 жылдың қараша айында туған жерге қоныс аударғанымен, донор бүйректің жағдайын тұрақты түрде бақылау және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет болған соң, амалсыз Қарекең қайтадан Алматыға оралды. Себебі бүйрек ауыстырудан кейінгі өмірі үздіксіз медициналық көмекті қажет етті. Өмірінің соңына дейін бақылауда отырды. Бейжіңдегі дәрігерлермен де тығыз байланысып тұрдық. Уақытылы тексеріліп, қажетті ем-домын алып отыру үшін тұрақты қатынас жасауға тура келді.
– Ағаның орындауындағы 500-ден астам күйі Алтын қорда сақтаулы тұр. Жеке күйлерінің бәрі жарыққа шықты ма? Ағаның орындалмай қалған күйлері бар ма?
– Көзі тірісінде Қазақ радиосы мен телевидениесіне 500-ден астам күйді жазып қалдырды. Оның бәрі Алтын қорда сақтаулы тұр. Өзі де 100-дің үстінде күй шығарып, 10 шақты ән жазған. Жарыққа шықпаған күйлері де, кітаптары да баршылық. Одан басқа, 2000 жылы операциядан 3-4 күн өткен соң, ауруханадан ұрланып шығып, «мен өлсем де қазағымның күйі өлмесін» деп, Бейжіңдегі Қазақ радиосы бөлімшесіне барып, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Махамбеттің 50-ден аса күйлерін жаздырып кетті. Сол жолы операцияның тігісі ашылып кетіп, тағы 14 күн ауруханада жатып қалған жайымыз бар еді...
– Қаршыға ағаның ізін жалғаған шәкірттері көп пе?
– Қаршығаның ізін жалғаған төл шәкірттері де, студенттері де баршылық. Ол кісі консерваторияда домбыра кафедрасының меңгерушісі болды ғой. Сондықтан консерватория студенттері 1 курстан бастап, бітіргенге дейін ағаларыңмен тығыз қарым-қатынаста болды. Емтихан тапсырды. Олардың бәрі Қаршығаның шәкірттері деп білемін.
– Ағаның ұл-қызы, немерелерінің арасында күйшілік өнерді қалағандары болды ма? Ағаның өнерін кім жалғастырып жатыр?
– Қызымыз Раушан – Алматы консерваториясын, АҚШ-тың Даллас қаласының консерваториясын бітірген скрипкашы, Сан-Франциско симфониялық оркестрінің белді музыканты. Ұлымыз Ерболат – Астана опера театрында дирижер, немерелері Ақтоты, Иманғали – музыканттар.
– Нұрбике апа, Қаршыға аға өмірден өткелі 16 жыл өтті. Ағаны сағынғанда не еске оралады?
– Қарекең көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді... Алматыға 19 жасында келіп, 45 жыл тұрды. Осында білім алды, еңбек етті. Алыс-жақын шетелге, жер шарының 4 құрлығына (Еуропа, Азия, Африка, Америка елдеріне) Алматы шаһарынан аттанып, әлемде «қазақ» деген ұлт, Қазақстан деген ел барын, «домбыра» атты бренд музыка аспабы бар екенін таныстырып, күмбірлетіп күйін төкті. Қаршыға – қазақтың күй өнерін зерттеп, нотаға түсіріп, өзі орындап, ХХІ ғасырға жеткізіп кеткен, күй патшалығында өмір сүрген адам. Қазақтың қара домбырасының арқасында танысқан, замандас болған қаншама қазақтың біртуар азаматтары (өмірден өткені бар, тірісі бар) қолымыздан дәм татты. Қарекең бар кезде үйімізде күнде мереке болатын. Сол кездер қазір сағыныш, тәтті мұң болып қалды ғой. Өзім дәрігер болсам да, Қарекеңнің әр шығармасы көз алдымда дүниеге келді. Атын да екеуміз бірігіп қоятынбыз. Ол күндердің бәрін сағынып еске алып отырамын.
– Қаршыға Ахмедияров мектебі бар ма?
– Қаршыға Ахмедияров – қазақтың күй өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, үлкен мектеп қалыптастырған дара тұлға. Оның мектебі тек бір оқу орнымен ғана шектелмейді, ол – шәкірттері арқылы жалғасып келе жатқан өнер жолы, күйшілік дәстүр. Туған ауылында Қаршығаның есімі берілген орта мектеп бар. Бұл – оның туған елінің перзентіне деген құрметінің айғағы. Сонымен қатар Атырау қаласында Нарын оркестрі жұмыс істейді. Бұл ұжым да Қарекеңнің есімін иемденген, өнер жолын, күйшілік дәстүрін насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. Қарекеңнің шәкірті Сәлімгерей Садықов: «Қаршыға ағамыздың мектебінің өзіндік формасы бар. Мектептің ерекшелігі – күйдің құрылымына байланысты. Бізде төкпе күйде екі форма қалыптасқан: буындық және транспозициялық. Құрманғазы атамыз екі форманы араластырып, үшінші форма ойлап тапты. Қаршыға атамыз да шертпеден төкпеге шығып кетеді. Бір күйде екі бағытты қамтиды. Мұндай қазақта бұрын болмаған. Оның саусақ басу тәртібі бөлек. Бір сөзбен айтқанда, ешкім жасамаған шеберлікті жасап, үлкен мектеп қалыптастырды» деген екен.
Расында, Қарекеңнің артында қалған мол мұрасы, тәрбиелеген шәкірттері, халқына сіңірген еңбегі – оның есімін мәңгілік ететін құндылықтар. Сондықтан да ағаңның аты да, заты да өлмейді. Туған елі, қазақ жұрты оны әрдайым жүрегінде сақтап, ұмытпайтынына сенімім мол.
– Әсерлі сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС